Құқық қорғау органдары

Айырбастау пунктіне қарақшылық шабуыл жасалды

 

Бетперде киіп, тапанша және пышақпен қаруланған екі жігіт ақша айырбастау пунктіне баса-көктеп кірген. Күтпеген бейтаныс қонақтар кассирдің үрейін қашырып, ақша талап етеді. Қаржыға толы қапшықты жымқырып іздерін суытпақ болады. Заңсыз жолмен оңай олжаға кенелмек болғандардың ойы жүзеге асқан жоқ. Жұмысына енді келген екінші қызметкер қашқындардың бірін ұстап алады. Оқиға орнына жеткен жедел тергеу тобы қолға іліккеннің 23 жастағы петропавлдық екенін анықтайды. Бұрын басы істі болыпты. Сыбайласы – қаржы фирмасының менеджері  жұмыс орнында құрықталды. Ол отырған бөлмеде пневматикалық тапанша да табылған. Сезіктілердің айтуынша, қарақшылық шабуылға ұзақ дайындалған. Бірі  ақшаны пәтер рәсімдеуге, екіншісі үйлену тойына жұмсауды көздеген. Ақыры ұрылардың мол ақшаға кенелеміз деп болжағанындай шыққан жоқ. Ақша айырбастау орнында 300 мыңге ғана болыпты. Қазір қос күдікті уақытша ұстау абақтысына қамалды.

 

Жеңіс Ермұқанов