Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының 18-ші сессиясы

 

Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясы Әнұраннан басталды. Бұдан кейін 19-сессияда берілген тапсырмалардың орындалуы сараланып, Елбасы жүктеген міндеттердің жүзеге асуы талқыланды.

 

Самат Ескендіров, СҚО Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы, СҚО әкімі:

-Егеменді еліміз құрылған алғашқы күнінен бастап Елбасы біздің жерімізде бейбітшілік пен бірлікті сақтауға ерекше көңіл бөлуде. Қазіргі уақытта этносаралық келісім мен үйлесімдіктің арқасында Қазақстанда экономикалық және әлеуметтік-саяси реформалар табысты жүзеге асуда. Тәуелсіздік жылдары біз этносаралық бірліктің бірегей үлгісін жасадық. Президентіміз атап көрсеткендей, бұл – баршамыздың және ассамблея жұмысының басты нәтижесі.

 

Бүгінде Ассамблея – басты қоғамдық институтқа айналып отыр. Келісім мен тұрақтылықтың сенімді іргетасы деп саналатын ұйымды әлемдік қауымдастық та  таниды. Еліміз алға қарай нық қадам басуда. Сол себепті, алдағы уақытта еңсеретін жұмыс аз емес. Мұратқа жету үшін, әрине, жұдырықтай жұмылуымыз қажет.

 

Самат Ескендіров, СҚО Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы, СҚО әкімі:

-Президент әлемдегі түбегейлі өзгеріс жағдайында әлеуметтік-экономикалық даму бойынша қойылған еліміздің жоспарлары қазақстандықтардан бірігуді талап етуде деп ерекше атап көрсетті. Қоғамдық келісім барлық халықтың басты ұстанымы болуы тиіс. Міне, осы құндылықтар Қазақстанның үшінші онжылдыққа барлық салада тұрақты және нақты дамуын қамтамасыз етуде. Біздің СҚО да табысты нәтижелерге қол жеткізіп отыр.

 

“Бірлік жоқ жерде тірлік жоқ” дейді дана халқымыз. Сондықтан, елімізді әлемге танытқан басты құндылығымызды сақтап қалу – әр патриоттың парызы. Солтүстікқазақстандықтар арасындағы ынтымақты да дамыту маңызды. Сондықтан өңір басшысы Самат Ескендіров бірқатар мемлекеттік органдарға Ассамблеяның жұмысын жақсартуға бағытталған тапсырмалар жүктеді.

 

Самат Ескендіров, СҚО Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы, СҚО әкімі:

-Екі онжылдықта Қазақстанның салған жолы – ұлттық жетістіктің үлгілі моделіне айналды. Бұл – әрине, барлық қазақстандықтардың еңбексүйгіштігі мен ұйымшылдығының жемісі. Біз тәуелсіздігіміз берген бұл жетістікті нығайтуымыз және ұлғайта түсуіміз керек. Біз әрқашан мына нәрсені жадымызда ұстауымыз қажет. Қазақстан, ол – біртұтас жер, біртұтас халық, бірдей болашақ. Біздің алдымызда үлкен жоспарлар тұр. Оларды жүзеге асыру глобалдық, ғаламдық трансформацияның қиын жағдайында жүргізілетін болады. Қазақстанның бар халқының бірлігін қамтамасыз етуде солтүстікқазақстандықтар өзінің қомақты үлесін қосады деп сенемін.

 

Облыс әкімі отырыс барысында өңірде Қазақстан халқы ассамблеясының тілдер орталығын құрудың пайдасы зор екенін атап өтті. Бұл тың бастама облысымыздағы барша ұлттың өз тілімен қатар мемлекеттік тілді де жетік меңгеруіне септігін тигізеді.

 

Сағындық Салмұрзин, «Ұрпақ» ұлттық мәдени-ағарту орталығының төрағасы:

-Қазақ мәдениеті, қазақ тілі ол басқа этнос өкілдерінің бастарын қосатын фактор болуы керек. Оны ұлғайту үшін, қызығушылық тудыру үшін қазақтың мәдениетіне көбірек үңіліп, біздермен бірге жұмыс атқару керек.

 

Жиында Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының құрамы бекітіліп, Ассамблея төрағасының орынбасарын сайлау ұсынысы жасалды. Бұл қызметке үміткер ретінде ұсынылған облыстық еврей мәдени орталығының төрағасы Рашбиль Евдаевтың кандидатурасын барлығы қолдады.

Кейін аймағымыздағы халықтың бірлігі мен келісімін нығайту жолында аянбай еңбек еткен азаматтар марапатталды. Ғ. Мүсірепов атындағы ауданның әкімі Марат Тасмағанбетовке Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік» алтын медалі табыс етілді.

Ал, Қызылжар ауданы, Бескөл ауылындағы «Мақсат» қазақ мәдени орталығының жетекшісі қызметінде 25 жыл жемісті жұмыс атқарып келе жатқан Сақып Құсайынова Құрмет грамотасына ие болды.

 

Сақып Құсайынова, «Мақсат» қазақ мәдени орталығының жетекшісі, Бескөл ауылы:

-Біздің ата-бабамыз баяғыда тату болыңдар, қарақтарым, келген адамдарға дастархан жайып астарыңды беріңдер деуші еді. Сол татулық біздің ата-бабамыздан бізге қалған байлық. Соны ары қарай апара жатқан біз халықпыз. Біздің жастарға сол жақсылық дарысын деп тілек етемін.

 

Бірқатар жерлестеріміз Қазақстан халқы Ассамблеясының алғыс хаттарымен марапатталды.

 

Сайран Байдалина, Тимирязев селолық округінің әкімі:

-Бүгін марапаттағаныма қуаныштымын. Бұл марапат менің емес, істеп жатқан мәдени орталықтар басшыларының,  жұрттың бағасы. Атамыздың айтқан сөзі бар ғой “Ел болайық, ел болу үшін тірі болайық, тірі болу үшін ірі болайық, ірі болу үшін бір болайық” деп. Алға қойған мақсатты жүзеге асырамыз.

Жиын соңы концертке ұласты

Айдана Демесінова