Аптадағы маңызды жаңалықтар

Селекторлық кеңесте жол жөндеу және балалардың жазғы демалысы туралы мәселелер қаралды

 

 

Елбасының биылғы Жолдауында инфрақұрылымдарды дамытуға ерекше назар аударылған болатын. Соның бірі – автокөлік жолдары. Оның жағдайын жақсарту тұрғысында ел қазынасынан қыруар қаржы бөлінді. Оның игерілуі жайында жиынға қатысушыларды көлік және коммуникация министрі Асқар Жұмағалиев құлағдар етті. Жалпы алғанда республикалық және жергілікті маңызы бар автокөлік жолдарының ұзындығы 100 мың шақырымнан асады. Алайда, тек 25,5 мың километрінің ғана жағдайы жақсы, қалғаны сын көтермейді. Олқылықты оңалтуда республикалық бюджеттен бөлек жергілікті жерден де қаржы қарастырылған осы жылға. Бірақ, ол кей өңірлерде аздық етеді. Біздің облысымызда бұл жұмыстарға 2,5 млрд теңгеден астам қаржы бөлінсе, Батыс Қазақстан облысындағы бұл көрсеткіш тек 245 млн теңгені құрайды. Премьер-Министр соңғы айтылған облыс басшысының бұл ісін сынға алып, жолдардың жағдайын жақсарту  Елбасының міндеттемесі екендігін тағы бір мәрте ескертті. Тапсырма баршаға ортақ болуы тиіс. Күн тәртібінде қаралған екінші мәселе балалардың жазғы демалыстарын тиімді өткізулеріне қатысты. Бұл жұмыстар қалай жүзеге аспақ? Ол жайында білім және ғылым министрі баян етті. Жаз мезгілінде еліміз бойынша 2 млн-нан астам бала 5 мыңға жуық сауықтыру лагерінде дем алмақ. Оның үстіне мектеп жанында да демалыс орындары жұмыс істейді. Оған 1,5 млн-нан астам бала тартылмақ. Жалпы, алғанда оқушылардың жазғы демалысына әзірлік 100 пайызға жуық. Біздің облысымсызда осы жылы жазғы лагерьлерде қазақ тілі сабақтары өткізілмек. Бақытжан Жұмағұлов бұл тың бастама екендігіне тоқталып, жаңашылдықты өзге өңірлерде енгізу керектігін тілге тиек етті. Астанамен болған байланыс аяқталысымен күн тәртібінде қаралған мәселелер жергілікті жерде жалғасын тапты.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-Негізгі басымдықтар жол жағдайын жақсартуға бағытталып отыр. Оған біз 2,5 млрд теңгеден астам қаражат бөлдік. Осылайша жергілікті маңызы бар қыруар жолдың жағдайын жақсартамыз. Осыдан 5-6 жыл бұрын бұл мәселе 6-7 орындарда болса, бүгінде бірінші орынға шықты. Өйткені, соның алдындағы өзекті проблемалар толығымен шешілді. Ендігі жерде жолдарды қалыпқа келтірсек, халықтың жағдайы бұдан әрі жақсара түсері сөзсіз.

 

Жалпы, осы жылы күре жолдарды жөндеуге қатысты жоспар құрылды. Оның қалайша жүзеге асырылатындығын жиынға қатысушыларды облыс әкімінің орынбасары Владимир Балахонцев құлағдар етті.

 

Владимир Балахонцев, СҚО әкімінің орынбасары:

-Биыл жөнделетін жергілікті маңызы бар жолдардың жалпы ұзындығы 7,5 мың шақырымнан асады. Оған бөлінген қаржы 5 млрд теңгенің шамасында. Оның 1 млрд 300 миллион теңгесі күрделі жөндеуге бағытталса, қалғаны орташа жөндеуге жұмсалмақ. Осылайша, біз 235 елді мекеннің жолдарын жақсартатын боламыз.

 

Отырыста, сондай-ақ, облыстық және республикалық маңызы бар жолдардың жағдайын жақсарту жайы да талқыланып, ол туралы жауапты басшылардың есептері тыңдалды. Жиынды қорытындылаған өңір басшысы автокөлік инфрақұрылымын дамыту тұрғысында ел қазынасы мен жергілікті бюджеттен қомақты қаржы бөлінгендігін айтып, атқарылатын жұмыстардың сапасы бірінші кезекте тұруы керектігін тілге тиек етті. Ал, балалардың жазғы сауықтыру лагерьлеріне байланысты мәселе әкімдіктің келесі отырысында талқыланбақ.

 

Самат Есмағи