Ауыл шаруашылығы

“Сыбағаны” аудандарда да алуға болады

 

Аграрлық несие корпорациясының “Сыбаға” бағдарламасы қолға алынғанына екі жыл. Осы уақыт аралығында олар егіншілікпен қатар, төрт түлік өсіруді мақсат еткен ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне айтарлықтай қолдау көрсетіп келеді. Тек өткен жылдың өзінде солтүстікқазақастандықтар аталмыш корпорация көмегі арқылы 1 930 аналық құнажын мен 101 бас асыл тұқымды бұқа сатып алу мүмкіндігіне ие болған. Ол мақсатқа бөлінген демеу қаржы – 420 млн теңге.

 

Алмат Қожахметов, “Аграрлық несие корпорациясы” АҚ СҚОФ директорының орынбасары:

-Биыл шаруалардан жалпы сомасы 244 млн теңгені құрайтын 18 өтініш түсті. Бүгінге дейін оның 13-і қанағаттандырылып, 130 млн теңге қаржы төленді. Оған 586 бас аналық қашар мен 31 бас асыл тұқымды бұқа сатып алынбақ.

 

Бағдарламаға қызығушылық танытқандар – Айыртау, Жамбыл, Есіл, Ғабит Мүсірепов аудандарының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері. Ал, Аққайың, Тимирязев, Уәлиханов және Мағжан Жұмабаев аудандарының агроқұрылымдары болса әлі де енжарлық танытуда. Олардан биылғы жылға бір де бір өтініш түспеген. “Алыстан арбалағанша жақыннан дорбала” деген нақыл бар. Осыны ұстанған аталмыш корпорация өкілдері қазіргі күні өз бөлімшелерін аудандарда да ашыпты.

 

Алмат Қожахметов, “Аграрлық несие корпорациясы” АҚ СҚОФ директорының орынбасары:

-2012 жылдың соңында әр ауданда өз бөлімшемізді аштық. “Сыбаға” бағдарламасына қатысқысы келетіндер ол жерден 1 млн-нан 20 миллион теңгеге дейін несие ала алады. Ол уақыт үнемдеуге тиімді.

 

Мал тұқымын асылдандыру үшін шетелден тұтастай бір табын сиыр сатып алудың қажеті жоқ. Тек асыл тұқымды бұқаға қол жеткізсеңіз болғаны. Мемлекет ол уақытта жергілікті аналық сиырлардың әр басына жылына 18,5 мың теңге субсидия төлесе, аталық асыл тұқымды бұқаға берілетін қаржы – 118 мың теңге. Ол – шаруаларға айтарлықтай көмек.

 

Самат Есмағи