Қорғанделегациясын солтүстікқазақстандықтар шекарадан қонақжайлылықпен қарсы алды. Бұдан соң облыс әкімі Самат Ескендіров пен Қорған облысының губернаторы Олег Богомолов “Зенченко и К” командиттік серіктестігіне жол тартты. Онда меймандарға жаңа технология – желмен жұмыс істейтін генераторлар көрсетіліп, сүт кешенінің жұмысы таныстырылды. Бүгінде аталмыш шаруашылық қарыштап алға басу үстінде. Ол жайында серіктестіктің атқарушы директоры Геннадий Зенченко әңгімелеп берді.
Геннадий Зенченко, “Зенченко и К” КС атқарушы директоры:
-Өткен жылы үшінші кешенді іске қостық. Онда қазіргі күні 2 мың 300 ірі қара бар.
Қонақтар шаруашылықта, сондай-ақ “Ёлочка” және “Карусель” деп аталатын сауын қондырғыларының жұмысын тамашалап, бұзау қорасын аралап шықты. Одан соң делегация назарына асыл тұқымды жылқылар көрсетілді.
Ал, сүт өңдеу жұмыстары ресейліктерге облыс орталығында орналасқан “Молпродукт” серіктестігінде көрсетілді. Бұл жерде сүт өнімдерінің 20 түрі, оған қоса шырындар да өндіріледі. Қондырғылар Швеция, Германия мен Францияда шығарылған.
Роза Сүлейменова, “Молпродукт” ЖШС директоры:
-Қайта жарақтандырылудан өткеннен кейін тәулігіне өнім өндірісін 20 тоннаға ұлғайттық. Оның бәріне мемлекеттік қолдаудың арқасында қол жеткізіп отырмыз.
Бүгінде зауыт өнімдері тек елімізде ғана емес ресей нарығында да сұранысқа ие. Ол жайында Қорған облысы губернаторына кәсіпорын мамандары әңгімелеп берді. Бірқатар тауар атаулары қазіргі күні брендке айналған.
Бұдан соң делегация өкілдері “Мұнаймаш” АҚ-на ат басын тіреді. Зауыт өткен жылы мемлекеттік “Индустриалды-инновациалық даму” бағдарламасы шеңберінде өз өндірістерін 1,5 млрд теңгеге жаңғыртқан болатын. Бұл жерде қорғандықтарға шетелдік толық автоматтандырылған станоктар таныстырылды. Жаңа қондырғылар өнім көлемін арттыруға мүмкіндік беріп отыр. Осының арқасында кәсіпорын Ресейге 2 миллион теңгенің өнімін өткізген. Ал, Петропавл ауыр машина жасау зауытында меймандар алдымен мұндағы мұражайды аралап, одан соң мұнай-газ, машина жасау және энергетика цехтарының жұмыстарын көрді. Кәсіпорын ағымдағы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша өнім көлемін шамамен екі есеге ұлғайтқан.
Самат Есмағи