Мәдениет

Өңірдің үздік мұражайы анықталды

Ш.Уәлиханов атындағы Сырымбет тарихи-өлкетану мұражайының қызметкерлері сайыста қазақ халқының салт-дәстүрінен үзінді көрсеткен екен. Жеңімпаздар марапаттау жиынында жұрттың назарына “Беташар” рәсімін ұсынды. Ең алдымен, қазақтың салты бойынша құдаларға құйрық-бауыр жегізіліп, келіннің беті ашылды. Аталған аудандық мұражай 28 жыл бұрын ғалым Ш.Уәлихановтың 150 жылдығына орай ашылған. Онда атақты саяхатшының өмір жолынан сыр шертетін бірталай құнды жәдігерлер сақтаулы. Жеңімпаз мекеме қызметкерлері өз қуаныштарымен бөлісіп, әріптестерін төл мерекемен құттықтады.

Сайысқа қала мен ауданнан 12 мемлекеттік мұражайдың қызметкерлері қатысты. Халықаралық мұражайлар күні мамырдың 18-і аталып өтеді. Осы айтулы датаға орай ұйымдастырылған байқауда бірінші орын есілдіктерге бұйырды. Екіншіні М.Жұмабаев ауданы иеленсе, үздік үштікті Жамбыл ауданының мамандары тұйықтады. Жеңімпаздардың барлығы диплом және ақшалай сыйақыға ие болды.

 

Гүлбану Ахметова