Құқық қорғау органдары

Контрафактілік өнімдердің кезекті партиясы жойылды

 

Кәсіпкерлерден тәркіленген заңсыз тауарлар көлікке тиеліп, қоқыс орнына жеткізілді. Тыйым салынғанымен оңай жолмен ақша табуды көздейтін тапқырлар арам істерін доғарар емес. Сатуға рұқсат етілмеген заттар қатты қалдықтар полигонына шығарылып, көзі құртылады. Кезекті партияның көп бөлігін қаржы полицейлері тәркілеген. 92 шөлмек арақ-шарап, қол аралар мен сыпырғыш сынды тұрмыстық заттар қолдануға жарамсыз деп табылған.

 

Ирина Антощенко, СҚО сот актілерін орындау жөніндегі департаменттің мемлекеттік сот орындаушысы:

– Алкоголь өнімдерінің негізінен акциз маркілері жоқ. Сапасы мен сақтау мерзімдері көрсетілмеген, өзге тұрмыстық заттар да соттың шешімімен жоюға жатады. Дискілерден басқасы ауылдық дүкендерден тәркіленді.

 

Айлакер саудагерлердің енді мына күмән тудыратын өнімдерден пайда көре алмайтындары анық. Заңсыз тауарлар бір жерге үйіліп, 17 тонналық шынжыр табан трактордың күшімен жермен жексен етілді. Ауыр салмақтан шытырлап жарылған шынылардан тек үгінділері қалды. Өзгелері де езіліп жарамсыз қалдыққа айналды. “Жығылғанға – жұдырық” демекші, заңға қайшы әрекеттері әшкереленген кәсіпкерлер шығынға ұшырап қана қоймай, енді айыппұл да төлейді.

 

Жеңіс Ермұқанов