Ұлы Отан соғысында елі үшін шейіт болған жауынгерлердің біразының сүйегі осы күнге дейін жер қойнауына тапсырылған жоқ. Олардың көбінің есімдері әлі де беймәлім күйінде қалып отыр. Жыл өткен сайын олардың сүйектерін табу да қиындап барады. Өйткені, бұрын сарбаздардың жеке заттары жер бетінде көрініп жаста, қазір топырақ басып, тереңге сіңіп кеткен дейді “Саланг” әскери-патриоттық клубының жетекшісі Александр Азегов.
Александр Азегов, «Саланг» әскери-патриоттық клубының жетекшісі:
– Өз басым 1993 жылдан бері осы іздеу шараларына қатысып келемін. Жұмысымыз жылда ойдағыдай бола бермейді. Биыл жауын-шашын көп түсіп, біраз кедергі келтірді. Барлығы 39 медальон табылды. Оның 30-ындағы жазуды оқыдық. Соның ішінде біреуі – қазақстандық жауынгер Кәрібаев Ақжүсіп деген есімді біз өзімізге түртіп алдық. 1921 жылы Қызылорда облысында туған екен.
Негізінен жерлестеріміз қазба жұмыстарын Новгород облысының Парфинский ауданында жүргізген. Бұл жерлерде соғыс жылдары шамамен 800 мың жауынгер қаза тапты деген дерек бар. Солтүстікқазақстандық іздеушілер тобының қатарында Ирина Шефер де болыпты.
Ирина Шефер, «Саланг» әскери-патриоттық тобының мүшесі:
– Еске алу вахтасына осымен екінші рет бардым. Өткен жылдармен салыстырғанда табылған медальондардың саны көбірек. Алайда, олардың бәрін тану мүмкін емес, кейбіреуінің жазуы көрінбейді.
Жалпы, қазба жұмыстарына бірнеше елден 27 отряд қатысқан. Олар барлығы 587 жауынгердің сүйегін тауыпты. Іздеу шараларының барысында майдан даласынан табылған жауынгер заттары көрмеде таныстырылды.
Әспет Әбдірешова