Бизнес және экономика

Кәсіпкерлікті қолдауға арналған жылжымалы пункт

Қызылжар ауданының тұрғыны Болат Әутәліпов жеке ісін ашуға ниетті. 2 жыл бұрын Ресейден тарихи отанына оралған қандасымыз Бәйтерек ауылына қоғамдық монша мен дәмхана керек-ақ дейді. Ойын жүзеге асыру үшін мемлекеттің демеуіне сенім артып отыр. Сол себепті, ол аудан орталығына ат басын тіреген кәсіпкерлікті қолдаудың мобильді  тобының кәсіби кеңесіне жүгіну мүмкіндігін қалт жібермеді. “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қорының жылжымалы пункті арнайы жабдықталған. Шағын автобуста осы ұйым мен екінші деңгейлі қаржы институттарының мамандары іскер азаматтардың бастамаларын жүзеге асыру жолдарын түсіндіруде. Мобильді топ ай сайын өңіріміздің әр ауданына шығып шалғайдағы ауылдарды аралайтын болады. Басты мақсат – тұрғындарды мемлекеттің бизнесті қолдау механизмінен құлағдар ету. “Молсервис” ЖШС – ұлттық жобаның мүмкіндіктерін сынап көрген кәсіпорындардың бірі. Мұнда сүт өнімдері 1991 жылдан бері шығарылады. Серіктестік басшылығы 2011 жылы “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында 100 млн теңгенің жеңілдетілген несиесін рәсімдепті. Қаражат шаруашылықтың іргесін кеңейтіп, заманауи қондырғылар сатып алуға жұмсалған.

 

Сергей Чепурко, “Молсервис” ЖШС директоры:

-Несиенің жылдық үстеме ақысы 10% болған. Мемлекет жылдық мөлшерлеменің 7% өз мойнына алды. Осының арқасында өндірісіміз біршама ілгеріледі. Бөлшектеп өлшейтін қондырғылар алуға жұмсаған қарызды мерзімінен бұрын жауып тастаймыз. Кейін үкіметтің қолдауына тағы жүгінеміз деп отырмыз. Айналымдағы ақшаны қозғамай, қымбат құрылғыларды сатып алу мүмкіндігі туды. Бұл, әсіресе, шағын бизнес өкілдеріне өте тиімді.

 

Осылайша жетілдірілген өндіріс цехының қуаттылығы жылына 5 мың тонна шикізат өңдеуге қауқарлы. Бүгінде төл өнімдерінің 20-дан артығы ел нарығына мықтап енген. Қазір мұнда 124 адам тұрақты еңбек етеді.

 

Жеңіс Ермұқанов