Құрылыс

Онлайн тәртібінде мемлекеттік қызмет көрсету

Жаһандану дәуірінде еліміздің мемлекеттік қызметтер жүйесінде заманауи ақпараттық технологиялар барынша пайдаланылуда. Бүгінде заңды тұлға ешқайда бармай-ақ, жұмыс орнында, не үйінде отырып кәсібін рәсімдей алады. Жеке ісін заңдастыру үшін ғаламторға шығу жеткілікті. Онда электронды үкіметтің e.gov.kz веб-порталына тіркелу қажет. Ойын жүзеге асырамын деушіге бар болғаны халыққа қызмет көрсету орталығына тіркеліп, сандық қолдың кілтін алу қажет.

 

Виталий Сосновский, “Халыққа қызмет көрсету орталығы” РМК СҚО филиалының инспекторы:

– Онлайн өтінішті толтыру үстінде кәсіпкер автоматты түрде тексеріледі. Шағын және орта бизнес иесінің жылжымалы мүлкінің бар-жоғы қаралады. Шаруашылық атауының қайталанбауы бақыланады. Егер де өзге кәсіпорындармен сәйкес келсе, бірден экранға шығарады. Шешім мен іске қатысты бар құжаттар арызданушының порталдағы жеке кабинетіне жіберіледі. Электронды форматта қызмет құнын өтеу мүмкіндігі де қарастырылған.

 

Жаңашылдықтың арқасында рұқсат қағаздарын беру тәртібінің жеңілдеуімен қатар өтініштерді қарау уақыты азайып отыр. Бұрынғы толған құжаттаманың керегі жоқ. 1 ай бойы тағатсыздана күтетін жауап енді 1-ақ күннің ішінде беріледі. Бұл, әсіресе шалғайдағы аудан тұрғындарына өте тиімді.

 

Ермек Бекмұратов, жеке кәсіпкер:

Мен мұнда кеңес алуға келіп, жаңа қызметтің іске қосылғанынан хабардар болдым. Өзімнің жеке кәсібім бар. Қайта тіркелу үшін жол, қағаз толтыру машақатынан босатылдық. Бұл кәсіпкерлердің алтын уақытын үнемдейді.

 

Бүгінде электронды үкімет порталындағы әлеуметтік қызметтердің жартысынан астамы онлайн режимінде жұмыс істейді. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізу көзделген.

 

Жеңіс Ермұқанов