Қоғам

Әйелдер колониясындағы Жеңіс мерекесі

 

ЕС 164/6 түзету колониясында бүгінде 200-ге жуық қыз-келіншек жазасын өтеп жатыр. Араларында дарындылары жоқ деп айтуға ауыз бармайды. Оны темір тордың аржағындағылар талай мереке сайын дәлелдеп келеді. Ұлы Жеңіс күнінде де шалыс басқандар өнерлерін тұмшалаған жоқ. Олар 9 Мамыр мерекесіне арналған кеш ұйымдастырып, оған аға буын өкілдерін қонаққа шақырды. Кездесуге келген ардагерлер темір тордың аржағындағыларға сұрапыл жылдары бастан кешкен оқиғаларын әңгімелеп, сол кездегі отансүйгіштік қасиеттері жайындағы ойларын ортаға салды. Кеш барысында жазасын өтеушілер меймандардың назарына өздері әзірлеген концерттік бағдарламаны ұсынды. Кеш барысында шырқалған әндердің бәрі сұрапыл соғыс жылдарынан сыр шертеді. Сахна да тақырыпқа сай безендірілген. Бағдарламаға қатыстырылғандар да соғыс жылдарындағы әскерилердің киімдерін киіпті. Бұл сол бір қысылтаяң шақта аға буын өкілдерінің жүріп өткен жолдарын тағы бір мәрте көздеріне елестеткендей болды. Ұрпағының бейбіт күнде өмір сүруі үшін майдангерлеріміз жаумен арпалыс барысында ешнәрседен аянып қалған емес. Ендеше оларға қандай құрмет көрсетсек те артық етпейді.

 

Кеш барысында майдан жылдарынан сыр тарқатар шағын сахналық қойылымдар да көрсетілді. Концерттік бағдарламаға 40-қа тарта адам жұмылдырылыпты. Бұл шараны өткізуге екі ай дайындалған. Еңбектері еш кеткен жоқ. Шақырылған қонақтар мен залға жиылған өзге де жазасын өтеушілер шырқалған әр әнді ыстық ықыласпен қабылдады.

 

Самат Есмағи