Қоғам

Студенттер ғарышкер А.Викторенко атындағы шәкіртақыға ие болды

Бүгін Петропавл құрылыс-экономикалық колледжіне құрметті адамдар қонаққа келді. Бұл күн студенттер мен оқушылардың есінде қалмақ. Өйткені, меймандар білім ордасының маңын көгалдандыруға қатысып, ағаш көшеттерін отырғызды. Кейін олар оқу ошағының кабинеттерін байқап, мұражайды аралады. Мұнда Ұлы Жеңіске арналған жәдігерлер қойылыпты. Колледжге келген сыйлы қонақтардың журналға тілектерін жазып кетуі игі дәстүрге айналған екен. Бүгінгі меймандар да бұл әдетті бұзбады.

Кейін акт залында өткен «Петропавл құрылыс-экономикалық колледжі – білім мен жұлдыздар айлағы» шарасына қатысты.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-Елбасымыз жыл сайынғы жолдауында, биылғы жылы да келешегіміз білімде деген. Облыста да, елімізде де жұмыстар аз емес. Соның барлығын атқару үшін білімдеріңіз нығыз болу керек. Ол үшін жағдай жасалған.

 

Сөз сөйлеп болғаннан кейін аймақ басшысы Самат Ескендіров материалдық-техникалық базаны нығайту үшін осы оқу ордасына 1 млн теңгенің сертификатын ұсынды. Жыл сайын өтетін шараға биыл ҚР Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев та келіп отыр.

 

Талғат Мұсабаев, ҚР Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы:

-Кезінде Александр Викторенко маған айтарлықтай көмектесті. Ол кісі өзінің тәжірибесімен бөлісіп, ғарыш саласының қыр-сырын үйретті. Оған деген алғысым шексіз.

 

Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінің шәкірттері осымен 11-ші рет жерлес ғарышкердің марапатына ие болып отыр. Осылайша көзге түскен студенттер тегін оқу жүйесіне көшіріледі. Бағы жанып, Александр Викторенконың шәкіртақысына ие болған белсенділердің саны биыл 12-ге жетіп отыр. Талаптыларды Кеңес Одағының батыры Александр Викторенко марапаттады. Тасы өрге домалаған студенттердің арасында Мейіржан Байжан да бар. Білімі жағынан қатарластарынан асып түсіп, қоғамдық шараларға белсенді қатысқан ол ендігі уақытта тегін білім алатынына қуанышты. Колледждің 5 оқытушысы да жемісті жұмысы үшін марапатқа ие болды.

 

Айдана Демесінова