Бизнес және экономика

“Халықтық IPO” бағдарламасы

 

 

Елімізде алғаш саудаға «Қазтрансойл» ұлттық компаниясының акциялары шығарылды. Сатылымға қойылған 38 миллион құнды қағаздың халық 60 пайызын сатып алыпты. Біздің өңірімізде де бұл жұмыстардың қарқыны жаман емес. Оны жиынды ашқан облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов атап көрсетті. Өткен жылы акция сатып алу тұрғысында «Қазпочта» акционерлік қоғамына түскен өтініштер саны – 311. Құны 58 миллион теңгенің үстінде.

 

Бауыржан Жүкенов, ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі мемлекеттік активтерді саяси басқару департаментінің бас сарапшысы:

-“ҚазТрансОйл” компаниясының акциялары жақсы өтті. Халықтың акцияға деген сұранысы екі есеге артты. Бағдарлама сәтті жүзеге асырылуда.

 

Биыл отандық қаржы нарығына шығарылатын акциялар саны артады. Себебі, өз акцияларын сатылымға шығаруға ниет еткен ұлттық компаниялар қатары қалыңдап отыр дейді елордалық меймандар.

 

Ерлан Қылбаев, «Самұрық-Қазына» АҚ ақпараттық-сараптамалық департаментінің аға сарапшысы:

-Бірінші кезеңде«ҚазТрансОйл» компаниясының акциялары сатылымға шығарылған болатын. Биыл оның қатарына «Самрук-Энерго», «Кегок», «Казтрансгаз» секілді ірі ұлттық компаниялардың акциялары шығарылады. Олардың құнды қағаздары да алдыңғы компаниянікі секілді сұранысқа ие болады деп ойлаймыз.

 

Халықтың «IPO» бағдарламасына қызығушылық танытқандар саны артып келеді. Солардың бірі – Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінің директоры Николай Ухов. Ол сатылымға шығарылатын құнды қағаздарды алуға бел буған. Оған кеткен ақша өзін артығымен ақтайтынына сенімді.

 

Николай Ухов, Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінің директоры:

-Мен қаржыны депозитке салғаннан көрі акцияға жұмсаған дұрыс деп ойлаймын. Акциясын алған ұлттық компанияның табысы көбейген сайын сіздің үлесіңіздегі акцияның пайызы жоғарылап отырады. Оның тиімділігіне көз жеткіздім.

 

Халықтық АиПиО мемлекеттік бағдарламасының көздегені – халықтың қалтасын қағу емес, керісінше, бұқараның тасы өрге домалаған ұлттық компаниялардың үлескерлері болуына жағдай жасау.

 

Самат Есмағи