Құқық қорғау органдары

Құлаған ағаш үш көлік иесіне шығын келтірді

 

Қазір шетелдік маркілі темір тұлпар иелері шығынды санап әлек. Барлығының бірдей әйнектері шағылып, қозғалтқышына зақым келген. Куәгерлердің айтуынша дәу ағаштың астында қалған көліктің бірінде жүргізушісі отырыпты. Бұтақтары алдыңғы әйнекті жарып жіберген. Абырой болғанда, адам шығынына әкеп соққан жоқ. Жапа шегушілер оқыс жағдайға қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің мамандарын кінәлап отыр. Тұрғындар апаттық жағдай тудырған ескірген ағашты кесіп тастауға мамырдың бірі өтініш білдіріпті.

 

Антон Ручко, жапа шегуші:

– Пәтер иелері кооперативінің төрағасы тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығына барып көмек сұраған болатын. Олар бізге маңайды машиналардан босатуды сұрады. Біз барлығын орындасақ та, олар өз кезегінде түк те атқарған жоқ. Сұраумыздың бірден еленбегені көліктеріміздің қирауына әкеп соқты. Шығынның орнын кім толтырады? Ауламызда арнайы көлік тұрағы қарастырылмаған. Сондықтан, осы жерге қоюдан басқа амалымыз қалмады.

 

Жеңіс Ермұқанов