Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ерлігі бейбіт күнде өмір сүріп жатқан біз үшін ертегі сияқты болып көрінер. Дей тұрғанмен де, ел басына күн туған шақта жанын беруге даяр болған ардагер азаматтардың қандай қиын жолмен жүріп өткенін сол заманның адамдары ғана жақсы түсінеді. Қазақ мектеп-гимназиясының ұжымы жыл сайын қатары сиреп бара жатқан Ұлы Отан соғысы ардагерлерімен осындай кездесу өткізуді дәстүрге айналдырған.
Жиынға Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің бірі – Сағдат Өркешов қатысты. Ардагер майданға 1942 жылы аттанған екен. Соғыс өрімдей балалар мен жастарды ерте есейтті дейді ардагер. Оқушылармен өткен кездесу барысында ол мұндай алапат шайқасты енді ешкім көрмесін деген тілегін де айтты.
Сағдат Өркешов, Ұлы Отан соғысының ардагері:
– Сталинградта басынан аяғына дейін болдым. Соғыста Жеңіске басынан аяғына дейін жеткендердің біреуі менмін. Жалғыз өзім емес қой, бірақ халық, көпшілік жеңді.
Соғысты көзімен көргендердің бірі – Иван Маловичко. 1940 жылы Батыс Белоруссия жеріне әскер қатарына шақырылған. Ал бір жылдан кейін соғыс басталып, Брест қорғанын қорғауға жіберілді.
Иван Маловичко, Ұлы Отан соғысының ардагері:
– Қаншама жыл біз соғыстың не екенін көрген жоқпыз. Құдай, енді ондай сұмдықтың бетін аулақ қылсын. Ешкім де соғысты көрмей-ақ қойсын.
Оқушылар болса ардагерлердің айтқан әңгімесін көңілдеріне түйіп, олардың қаншалықты қиын жолдан өткендерін түсінді.
Әзиза Әуелбекова, қазақ мектеп-гимназиясының оқушысы:
-Біз осы кездесуден үлкен әсер алдық. Осындай заманда өмір сүріп жатқанымыз үшін ардагерлерімізге мың да бір рахмет. Олардың өмірін, соғыста болған оқиғаларын бізге баяндап, тарихқа деген қызығушылығымыз арта түсті деуге болады.
Мектеп мұражайында Ұлы Отан соғысы туралы материалдар да қойылған екен.
Әспет Әбдірешова