Қоғам

Пасха мейрамы



 

Пасха – христиан дінінің ежелгі әрі ең маңызды мейрамы. Бұл күні православ сеніміндегілер шіркеуге барып, туған-туыстары мен жақындары үшін құдайға сыйынады. Сенбіден жексенбіге қараған түні солтүстікқазақстандық христиандар Вознесение  Господня Храмына жиналды. Олар бұл мерекені асыға күтіпті.
  
 Анна Чичканова:

– Пасха – бұл жарқын мереке. Атаулы күні жұмыртқаның сыртын бояп, құдайға құлшылық етемін деушілер шіркеуге барады. Баршаңызға жақсылық тілеймін.
Татьяна Михальчук:

– Бұл күннен бар жақсылықты, игілікті күтеміз. Барлығымыз құдайға сенейік, себебі, жаратушымыз  барлық қателіктерімізді кешіреді.

Шіркеуге келгендерді мерекемен облыс әкімі Серік Біләлов құттықтады. Аймақ басшысы еліміздегі ұлтаралық достық пен бірліктің маңызына тоқталды.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:

– Елбасының сындарлы саясатының арқасында 130-дан астам ұлт өкілдері бейбіт аспан астында өмір сүруде. Біз әр халықтың мәдениеті мен салтын тең дәрежеде ұстаймыз. Бейбітшілік пен тыныштық – біздің басты байлығымыз. Соны берік ұстануымыз керек. Бұған шіркеудің де қосқан үлесі зор. Барлығыңызға денсаулық, отбасыларыңызға бақыт тілеймін.

Петропавл-Булаев епархиясының жетекшісі епископ Гурий облыс басшысын мерекелік литургияға уақыт тауып келгеніне алғысын айтып, мерекелік сыйлық жасады. 
Татьяна Бардукова мерекені атап өту үшін Айыртау ауданының Саумалкөл аулынан келген.

Татьяна Бардукова:

– Жылдағы ең шуақты, нұрлы күннен шаттық, қуаныш күтеміз. Барлық халыққа тыныштық, амандық тілеймін.

Мерекелік литургия таңғы сағат 5-ке дейін жалғасты.

Әсел Күшенғалиева