Қоғам

Өңірлік Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің кеңейтілген отырысы

 

“Бір халық – бір ел – бір тағдыр” айдарымен өткен жиында айтылған басымдықтарды облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Самат Ескендіров жергілікті институттың өкілдерімен талқылады.

 

Самат Ескендіров, СҚО Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы, СҚО әкімі:

– Ұлтаралық және конфессияаралық келісім – Президенттің 2050 жылға дейінгі жаңа Стратегиясының басым бағыттарының бірі. Жаңа саяси бағдарламада дініне және ұлтына қарамастан барлық ел азаматтарының теңдігі принципі алынған. Сондықтан да Ассамблея сессиясы «Қазақстан-2050» Стратегиясы негізінде өткізілді. Мемлекет басшысы 2050 жылы Қазақстанның біртұтас халық, үлгілі ұлттық мемлекет болатынына сенім білдірді.

 

Шынымен, Қазақстан халқы Асамблеясы қазақ жерін мекендеген ұлттар достығының алтын діңгегі іспеттес екендігін нақты істермен дәлелдеуде. Әр ұлыстың ұйытқысы, этносаралық дамудың іргелі институтына айналды. Кемеңгер ұлт көшбасшысы бұнымен тоқталып қалмауды жүктеді.

 

Самат Ескендіров, СҚО Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы, СҚО әкімі:

– СҚО Қазақстан халқы Ассамблеясы жұмысын ілгерілетудің қамында жаңа даму тұжырымдамасын жобалау керек. Ол үшін ғалымдар, мемлекеттік органдар мен қоғамдық өкілдердің басын қосатын жұмыс тобын құрғанымыз абзал. Елбасы жалпыұлттық институттың мәртебесін көтеруге басымдық беріп отыр. Достық үйін қоғамдық кеңес пен әлеуметтік бастамалар орталығына айналдырудың жолдарын қарастыруды тапсырды. Әр ауданда ұлт зиялыларынан қоғамдық кеңес құрған жөн болады.

 

Азаматтардың жүрек қалауы, ізгі тілегімен Достық үйінде 20-дан астам этно-мәдени орталық құрылды. Тілдері мен діндері бөлек болғанымен мақсаттары бір – қуатты ұлт, шуақты ұлыс құру.

 

Наиль Салимов, “Дуслық” татар-башқұрт орталығының төрағасы:

-Маған мерейтойлы сессияға қатысу бақыты бұйырды. Игі жолдан адасып таймауда азат ойлы, кемел білімді, еңбекқор жастарға Президент үкілі үміт артып отыр. Ортақ мүддеге белсенді ұрпақтың жігерін жұмсауды тапсырды. Біздің жастар ол жағынан реттеуде қарап тұрмайтындарына сенімдімін. Бүгінде біздің ісімізді іліп әкетіп, қолғабыс болып қана қоймай, өздерінің бастамаларын ұсынып жатыр.

 

Жалпы кеңейтілген отырыста 4 мәселе қаралды. Кейін өңір жетекшісі достықтың қасиетін жоғары бағалайтын әр мәдени бірлестіктің дамуына ақшалай сыйақы табыстады.

 

Жеңіс Ермұқанов