Жекпе-жекте семсерлесу адамды батылдыққа үйретеді дейді бапкерлер. Қарсыласқа бiрден қылыш сермеу қажет емес. Ең алдымен, көзқарас, бет-бейне және нық тұрысыңмен жасқандыра білу керек. Сол себепті, кендоның қыр-сырын петропавлдық спортшыларға үйрету үшін ресейлік сенсей Александр Глушко осымен 3-ші рет келіп отыр.
Александр Глушко, кендодан Сібір-Орал аймағының тәлімгері:
– Бұған дейін бұл жердегі кендошылардың жаттығуын көру үшін келген болатынмын. Осы жолы Василий Джанның шақыруымен қайта оралып, семинар өткізіп отырмыз. Бұл жолы балалардың біраз шыңдалып қалғаны байқалып-ақ тұр.
Шебердің мақсаты – солтүстікқазақстандықтарды Ресейде ұйымдастырылатын жарыстарға қатыстыру. Сол себепті, бапкер екі күн бойы жекпе-жектің қыр-сырын меңгертуде. Кендо жаңа заманғы спорт түрі саналғанымен, мұнда жапон халқы дәстүрінің элементтері жиі кездеседі.
Василий Джан, Петропавл қаласы бойынша кендодан нұсқаушы-бапкер:
– Бізде кендомен 9 бен 38 жас аралығындағы 10-15 спортшы шұғылданады. Мұнда келген жандардың көбі кендомен жаттығып көріп, кейіннен кетіп жатады. Олардың бұлай істеулеріне спорттың бұл түрі философиялық көзқарасты қажет ететіндіктен деп ойлаймын. Сондықтан да, кендомен кез-келген адам шұғылдана бермейді.
Ермек Менжасаров кендомен 7 ай айналысады. Оның айтуынша, жекпе-жек – денсаулықты шыңдаудың бірден бір жолы.
Ермек Менжасаров:
-Бұл кендо мені қатты қызықтырды. Менің ойымша, семсерлесу спорты іштегі қорқынышты жеңуге көмектеседі.
Қазан айында Уфа қаласында Орал кубогына арналған жарыс өтеді. Бұл додаға солтүстікқазақстандықтар да қатысып, өз бақтарын сынап көрмек ойлары бар.
Гүлбану Ахметова