Ауыл шаруашылығы

Облыс әкімінің Есіл ауданына жұмыс сапары

 

 

Есіл ауданы биыл 253 мың 300 гектар жерге дәнді дақыл сіңірген. Облыс әкімі алдымен Заречный селолық округіне қарасты алқаптарды аралап, диқандарға егін орағын жеделдетуге бірқатар тапсырмалар берді. Аймақ басшысы «Явленка Норд» астық қабылдау кәсіпорынында да болды. Элеватор сыйымдылығы арнайы алаңдарды қоса санағанда 69 мың тонна. Бүгінгі күні қоймаға 9 мың тонна сары алтын түсіпті. Оның 80 пайызы 3-ші сұрыпты. Мұнда тәулігіне 700 тонна бидай кептіріледі. Облыс басшысы өнімдерін тиеген шаруалармен жолығып, жағдайды сұрап білді. Енді мол астықты өткізу мәселесі алға шығып отыр. Диқандардың уайымы да осы. Серік Біләлов бидай өткізу жөнінде диқандарға көмектің болатынын айтты. Сондай-ақ селолық округ әкімдерінен елді мекендердің қысқа әзірлігін сұрастырды.  Серік Біләлов «Қантемір Агро» серіктестігінің  алқабына да соқты . Мұнда астық шығымдылығы гектарына 27 центнерден айналуда. Дала төсінде 12 комбайн жұмыс істеп жүр. Жалпы Есіл ауданы бойынша күзгі жиын-терімге 200-ден астам комбайн жұмылдырылған. Бүгінгі таңда егіннің 65 пайызы жиналыпты. Гектар берекелігі орташа есеппен 21 центнерден айналуда.