Билік

Еліміздің бас экологы Петропавл балық питомнигінде болды

 

Петропавл балық питомнигінің бүгінгі қуаттылығы жылына 100 млн дернәсіл шығаруға жетеді. Аталған кәсіпорын Қазақстанды балық тұқымымен 50 жыл бойы қамтып келе жатыр. Мұнда жұмыс күші жеткілікті. 50 шақты қызметкер еңбек етеді, оның жартысына жуығы – әйелдер. Нұрлан Қаппаров нәзік жандылармен тілдесіп, жаңа зейнетақы жүйесі жайлы түсіндірді. Жаулықты жұмысшылар үкімет өкіліне зейнет жасына дифференциалды түрде қарауды ұсынды.

 

– Біздің еңбек жадайымыз ауыр. Мұнда суық, технология бойынша температураны көтеруге болмайды.

 

Нұрлан Қаппаров, ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрі:

– Қазір бұл мәселені жұмыс тобы қарап жатыр.

 

Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаров ең алдымен мұндағы шортан, тұқы, нәлім және сиг балығының уылдырығын инкубациялау барысымен де танысты. Нәлім дернәсілін өсіру технологиясы тек Петропавлда ғана бар, оның баламасы Ресейдің жақын маңдағы аймақтарында да кездеспейді. Сол себепті, кәсіпорын ағымдағы жылы өндіріс көлемін арттырмақшы.

 

Владимир Кульбакин, Петропавл балық питомнигінің бас балық өсірушісі:

-Біз биыл мемлекеттік тапсырыс аясында тұқының 30 млн дернәсілін, сиг балығының 50 млн және 1 млн тұқы сиголеткасын өндіруді жоспарлап отырмыз. Тағы алдағы уақытта біздің климатқа төзімді келетін қара балықты дамытып, мөңке мен тұқыны будандастыруды ойластырудамыз.

 

Қазіргі таңда питомник шабақтармен 200-ден астам табиғат пайданушыны қамтиды. Алайда, жұмысы қызу, келешегі бар кәсіпорынға күрделі жөндеу қажет. Министр бұл мәселені шешуге жәрдемдесетінін жеткізді. Питомник басшылығының өнімді Қазақстаннан басқа Ресей мен өзге шетелге де шығару ойы бар.

 

Данаш Хамзина