Қоғам

Тарихи-мәдени ескерткіштерге қамқорлық

 

Өткенсіз бүгін жоқ. Сталиндік саяси қуғын-сүргін жылдары халық жауы деп айыпталғандар дәл осы қабырғада ату жазасына кесілген. Бүгінгі ұрпақ жазасыз опат болған жандардың құрметіне қойылған мына естелік тасының айналасын тазалау үстінде.

 

-Ел болашағы үшін жандарын берген азаматтарды ұмытпағанымыз жөн. Рухтарына тағзым ету парызымыз. Қолдан келетіні – тарихи аумақты тазалықта ұстау. Сондықтан сыныптастармызбен жиналып, маңайын қоқыстан арылтып жатырмыз.

 

Қоғамдық маңызды шараға №9 мектеп оқушылары білек сыбана кіріскен. Жасұландықтардың жұмылуымен қураған шөп пен тұрмыстық қалдықтардың көзі жойылуда. Еңбек ардагері Анатолий Рванов белсенді жастардың игі ісіне бас- көз болып жүр.

 

Анатолий Рванов, еңбек ардагері:

– Жастардың ынтасына ризамын. Тазалық шарасы акция аясында ғана емес, жыл бойы өткізілсе артық болмайды. Өрендерімізді еңбекке баулып, қайырымдылыққа үндеудің таптырмас жолы ғой.

 

“Киелі мұрамызға тағзым” шарасы еліміздің жер жерінде өтуде. Мақсат мәдени-тарихи ескерткіштерді қалпына келтіріп, киелі мұрамызды сақтап қалу. Өлкеде республикалық және жергілікті маңыздағы 5 мыңнан артық көне ескерткіш бар. Соңғы 6 жылда олардың жаңғыруына өңіріміздің 300 мыңнан артық белсенді азаматы атсалысқан. Тазалыққа үндейтін кешенді жұмыстармен қатар рухани азықтандыратын танымдық жиындар да өткізілмек.

 

Виктор Витченко, “Нұр Отан” ХДП Петропавл қалалық филиалы төрағасының орынбасары:

– Кіндік қаны тамған жерінің шежіресін өскелең ұрпақтың білуі маңызды. Аға буын өкілдерімен кездесіп, дөңгелек үстелдер ұйымдастырылады. Акция барысында қалпына келтірілетін әр нысанның тарихы баяндалады.

 

Тарихымыздан сыр шертетін қасиетті мекендердің бірі де назардан тыс қалмайтын болады дейді ұйымдастырушылар.

 

Жеңіс Ермұқанов