Балалар

Психологтар семинары

 

Отбасылық тәрбие бала психологиясының қалыптасуына зор әсер етеді. Өкінішке қарай, Қазақстанда соңғы уақытта әке мен шешенің айрылысуы көбейген. Бұл ұрпақтың қоршаған ортамен байланысының бұзылуына және түрлі қылмысқа итермелейді дейді Астана қаласындағы отбасылық тәрбиелеу институтының әдіскері Алтыншаш Матаева.

 

Алтыншаш Матаева, Отбасылық тәрбиелеу институтының әдіскері, Астана қаласы:

-Біздің мақсатымыз – мектеп психологтарын отбасылық психология жөнінен біліктіліктерін арттыру, оларға қазіргі заманға сай тиімді әдістерді үйрету.

 

Жиынға барлығы 200 психолог-педагог қатысты. Олар бірауыздан шараның маңыздылығын бағалап отыр. Әсіресе, тәжірибелі психологтармен әдіс алмасу жас мамандарға өте қажет. Алматы облысындағы Райымбек ауданынан келген Мақсат Құлмұханбетов қазақ балаларын оқытатын мемлекеттік тілде жазылған оқулықтардың жетіспеушілігін алға тартты.

 

Мақсат Құлмұханбетов, Шәлкөде орта мектебінің психолог маманы, Алматы облысы:

-Мысалға, көптеген психологиялық әдістемелік құралдар орыс тілінде. Сондай-ақ, ауылдық жерлерде қазақ тілінде де көп болса ғой. Сосын мен өз басым қазақ тіліндегі әдістемелік құралдарды көрген жерімнен шамам келгенше сатып аламын.

 

Бұдан кейін қонақтар шеберлік сағаттары өтетін секцияларға тарасты. Ғылыми-тәжірибелік семинар екі күнге жалғасады.

 

Данаш Хамзина