Білім

“Болашақ” жобасының жастарға берері мол

 

«Болашақ» бағдарламасымен талай қазақ баласы шетелде мамандық меңгеріп жүр. 1993 жылдан бері жеті жұрттың тілін білетін 10 мыңнан аса қазақстандық жат мемлекеттерде білім нәрін сусындаған екен. Туған жерге кіндігімен байланған өрендер қайтып келіп, елдің өсіп-өркендеуіне септесуде.

 

Арман Бердағұлов, “Нұр Отан” ХДП СҚОФ төрағасының орынбасары:

– Бүгінде түлектердің 20% мемлекеттік секторда, 21% Ұлттық компанияларда, 55% жеке меншік иелерінде еңбек етеді. 4% халықаралық ұйымдарға тартылған.

 

“Жас келсе іске”. Ел келешегін кемел етер болашақтықтардың ұстанымы берік, арманы да асқақ. Білім-ғылым мен тәжірибені шебер үйлестірген оқу орындарында тәлім алғандардың көбі Үкімет пен алпауыт ұлттық компанияларды жағалап жүр. Халықаралық озық университетерде 2010 жылдан бері 120 солтүстікқазақстандық білім алыпты. Бәріне бірдей министр болу мақсат, әкім болу арман емес. 14-і еңбек жолын туған өңіріне оралып бастаған.

 

Арман Өтегенов, СҚО табиғи монополияларға қарсы инспекция бастығы:

– Қазір Монополияларға қарсы инспекцияның бастығымын. Шетелде алған білімім мен тәжірибені жұмыста пайдаланамын.

 

Елена Давыденко, “Солтүстік” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы” АҚ ҰК маманы:

– Ливерпульда алған білімімді туған өңірімнің дамуына жұмсағанды жөн деп шештім. Қазір мен облыстағы инновациялық жобалардың жүзеге асуына өз үлесімді қосып жатырмын. Жастарға жасалған мүмкіндікті қалт жібермеу керек.

Дәл қазір әлемнің 33 елінде 2 796 қазақстандық студент кәсіби тағлым алуда. Олардың 27-сі ғана солтүстікқазақстандық. Әзірге Президенттің “Болашақ” шәкіртақысын иеленуге ниет таныттатын жерлестеріміз жоқтың қасы. Үстіміздегі ай соңында өңірге астаналық мамандар жұмыс сапарымен келеді. Мақсат – бағдарламаны үгіттеп, шетелде оқимын деген дарынды жастардың құжаттарын рәсімдеу.

 

Жеңіс Ермұқанов