Біздің облыс еліміздің солтүстік қақпасы, Ресеймен шекаралас өңірлердің бірі болып табыламыз. Ал оны күзетуге 1 мыңнан артық шекарашылар тартылған. Олар алты шекара бекетінде қызмет етеді. Сондай-ақ теміржол, әуе және автомобильдерді шекаралық бақылау бөлемшелері де бар. Өңірімізге сырттан келетіндердің құжаттарын тексеру солардың мойнында. Бұл қызметті абыроймен атқарып жүргендер жыл соңына дейін кезектен тыс аттестациядан өтпек. Оған себеп те жоқ емес.
Таирахун Супиев, ҚР ҰҚК Петропавл шекара отрядының бастығы:
-Соңғы кездері шекара бекеттерінде орын алып жатқан жағдай кім-кімді болмасын алаңдататыны анық. Ал алдағы болатын аттестация шекарашылардың кәсіби біліктілігін саралап, салмақтауға мүмкіндік береді. Осы арқылы біз өз сапымызды нығайтып,еліміздің тыныштығын күзететін сайыпқырандарды іріктеп аламыз.
Біздің облысымыздағы шекара қызметінің құрылғанына ағымдағы жылдың 10 қазанында 13 жыл толмақ. Атқарылған жұмыстар аз емес. Ең бастысы тыныштық бар өңірімізде. Оған шекарашылардың қосқан үлестері зор. Айдар Оралқановтың шекара әскерінде қызмет істегеніне 10 жылдан асқан. Кәсіби офицер, аттестацияның өз ісінің білгірлерін анықтауда берер пайдасы мол дейді. Солтүстікқазақстандық шекарашылар аттестацияны бекітілген кестеге сай тапсырады. Еліміз бойынша бұл науқан ағымдағы жылдың 31 желтоқсанына дейін аяқталуы тиіс. Білімің мен біліктілігің аттестация талаптарына сай келсе, қызметіңде қаласың, сыннан сүрінсең, жылы орныңмен қош айтысуға тура келеді.
Таирахун Супиев, ҚР ҰҚК Петропавл шекара отрядының бастығы:
-Жеке құрам жүктелген міндетті абыройлы атқаруға дайын. Аттестациядан жақсы өтеміз деп ойлаймын. Сынақ талаптары бойынша әр адам нысанаға оқ ату, спорттық әзірлік секілді әскери және кәсіби даярлық бойынша норматив тапсырады. Заңды меңгеру, құқықтық нормативтік актілерді білу жағы тест бойынша сыналады.
Жоғары атестациялық комиссияға Президенттің көмекшісі, Қазақстан Республикасы қауіпсіздік кеңесінің хатшысы, Қайрат Қожамжаров төрағалық етпек. Қазір Алматы мен Астана қалаларындағы шекара қызметінің басшылары аттестациядан өтуді бастап та кетті. Ал қатардағы жауынгерлер болса, бұл сынақтарды жергілікті жерлерде тапсырмақ.
Самат Есмағи