Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өңірде республикалық маңыздағы жолдарды жөндеу басталды

“Астана-Петропавл” және “Жезқазған-Петропавл” бағытындағы магистральдардың қиылысында екі деңгейлі өтпелі жол салынып жатыр. Республикалық маңыздағы қос трассаның тоғысатын бөлігінде темір тұлпар иелерін көлік кептелісі жиі мазалайды. Облыста тұңғыш рет қолға алынған жоба үлкен жылдамдықта қатынайтын машиналар кептелісін босатудың қамы. Биіктігі 7 метр, ұзындығы 4 шақырымдық көпір жүк көліктерінің қозғалысына да қауіпсіз болмақ. Қазір ауқымды құрылыстың алғашқы түп қазығы қағылуда. 900 млн теңгенің жұмысы “Казахдорстрой” серіктестігіне тапсырылыпты.

 

Төребек Бертілеуов, “Казахдорстрой” ЖШС жоба жетекшісі:

-Бұл жұмысқа 50-ге тарта құрылысшы мен 40-тан артық арнайы техника жұмылдырылды. Құрылыс көлік иелеріне сәл қолайсыздық тудырғанымен қозғалыс тоқтатылмайды. Есесіне келесі жылы заманауи көпір қолданысқа тапсырылады. Барлық материалдардың 100 пайызы отандық компаниялардың төл өнімі.

 

Аталмыш мердігер онымен қатар Аққайың ауданы арқылы өтетін «Астана-Петропавл» бағытындағы тас жолдың 30 шақырымын да қалпына келтіруге кірісіп кетіпті. Ұзақ жылдар бойы жаңартуды талап еткен бұл аумақты 2015 жылы аяқтау межеленген. Жалпы биыл өңірімізді өзге аймақтармен байланыстыратын 80 шақырымнан артық республикалық трассаны жаңартуға 6 млрд. теңге бағытталды. Сонымен қатар орташа жөндеу бағдарламасына ел қазынасынан 500 млн теңгедей қарастырылып отыр.

 

Қайырбай Сәдуақасов, ҚР автомобиль жолдары комитетінің СҚО бойынша департаментінің бөлім бастығы:

– 2013 жылы Шал ақын ауданынан өтетін “Жезқазған-Петропавл” және М. Жұмабаев ауданында “Челябі-Новосібір” бағытындағы жолдардың 54 шақырымына орташа жөндеу жасалады. Байқау өткізіліп, мердігерлерге тиесілі аумақтар бекітілді. Қажетті материалдар даярлануда. Барлығы қазақстандық үлес. Негізгі құрылыс жұмыстары жер толық кебісімен мамыр айынан басталады.

 

Жалпы 2013 жылға республикалық жолдарды жөнге келтіруге құйылған қаржы былтырғыдан 25 пайызға артық.

 

Жеңіс Ермұқанов