Мәдениет

“Жұлдызай-2013”

Мүмкіндігі шектеулі балалардың арасында дарынды жастарды анықтауға бағытталған “Жұлдызай” республикалық фетивалі соңғы сегіз жылда дәстүрлі түрде өтіп келеді. Байқауға қатысуға ниет білдіргендер 7 аталым бойынша анықталады. Ән мен би номинациясында Альбина Нұрғожина да өз өнерін ортаға салды. Ол былтырғы жылы дәл осы республикалық фестивальде жеңімпаз атаныпты. Дарынды қыз бұл жолы да өз өнерімен баршаны таң қалдыруға тырыспақ. Бұл жолы халықаралық байқаулардың жеңімпазы “Пульс” заманауи және ұлттық билер ансамблінің мың бұралған биші қыздары да өнер көрсетпек. Әрине, саңырау балаларға арналған мектеп-интернат тәрбиеленушілері бас жүлдені қанжығасына байлау үшін белді бекем буып келіпті.

 

Әсемгүл Есенғазина, облыстық саңырау балаларға арналған мектеп-интернатының тәрбиеленушісі:

– Былтыр біз бұл фестивальде екінші орынды иемдендік. Дайындығымызды пысықтап, екі би алып келдік.

 

2013 жылдың дарынды жастарын анықтау үшін Астанадан арнайы “Жұлдызай” фестивалінің режиссеры келген. Олар бұған дейін еліміздің 11 қаласында болыпты. Енді, кезек біздің облысқа тиді. Мамандар нағыз өнерлі жеткіншектерді 150 баланың ішінен анықтамақ. Жеңімпаздардың есімдері келесі аптада белгілі болады. Олар маусымның бірі балаларды қорғау күнінде Елордасында ұйымдастырылатын байқауда өнерлерін көрсетпек.

Гүлбану Ахметова