Қайырымдылық

Қайырымдылық марафоны

Облыс орталығында 10 шақты жанұя су тасқынынан зардап шеккен. Негізінен олардың баспаналарын су басып, дүние-мүліктері пайдалануға жарамай қалған. Сол себепті жапа шеккендерге  ақшалай және азық-түлікпен қолдау көрсетуде қайырымды жандар бей-жай қалмады.

-Бүгінгі күні су апаты, жол апаты өте көп. Осындай кезде бәріміз бір ананың баласындай, бір қолдың саусағындай бірге болуға тиістіміз.

– Бүгін мен қайырымдылық концертіне қатысып отырмын. Біз көмекке зәру жандарға қолдау көрсетуіміз керек.

Қызыл ай қоғамының еріктілері күн сайын көмекке мұқтаж жандар үшін қажетті заттарды жинау жұмыстарын жүргізеді. Бүгінгі концерттік шараны да адамдарды қайырымдылыққа бастау үшін ұйымдастырып отыр.

Сәуле Оразова, Қызыл ай қоғамының облыстық филиалының төрайымы:

– 2 сәуір күні республикалық «KyzylAi.kz.» шарасы бастау алған болатын. Оның мақсаты – көктемгі су тасқыны кезінде зардап шеккендерге көмек көрсету. Біздің облыстық филиал да бұл бастамадан тыс қалмай, белсенділік танытуда.

Концерт барысында қаланың шығармашылық ұжымдары мен мектептер, колледждер оқушылары көпшілікке жақсы көңіл-күй сыйлады.  Жалпы осы қайырымдылық марафонының барысында 50 мың теңге қаржы жиналды.

 

Әспет Әбдірешова