“Солтүстік Қазақстан ауылшаруашылық тәжірибелік станциясы” ЖШС бәсеке саудаға жарты жылдай дайындалған. Біржылдық асыл тұқымды бұқалардың әрқайсысының бағалары айқындалды. Ірі қараны енді сатып алушылар сынап, қарауда. Бүгінде бұл малдардың күйі мен салмағы жақсы. Осы күні шаруашылықта етті және сүтті бағыттағы 1450 бас мал бар. Аукционға барлығы 16 бас ірі қара қойылды.
Белгібай Қанафин, “Солтүстік Қазақстан ауылшаруашылық тәжірибелік станциясы” ЖШС директоры:
– Бұл бағаланған бұқалардың бәрі республикалық палатаның тізімінде тұрады. Өйткені біз оның мүшесі болып табыламыз. Жалпы тірі салмағының бір келісі 1200-1350 теңгеге бағаланады. Әр бұқаның салмағы әр түрлі, бағасы сол жобамен сатылады.
«Қазагроинновация» АҚ өткен жылы етті ірі қараны бағалау жобасын енгізуді қолға алған болатын. Осы бағытта “Солтүстік Қазақстан ауылшаруашылық тәжірибелік станциясы” ЖШС-нің базасында 5 ай бойы 50 бұқа бақылау мен бағалаудан өтті.
Мақсұт Бақтыбаев, АШМ мал шаруашылығы департаментінің директоры:
– Бұл ел көлемінде етті қара малды саудалау бойынша өткізіліп отырған үшінші аукцион. Мұндай сауданың бір артықшылығы – асыл тұқымды малдың барлық сапасы, күйі көрсетіліп, сатып алушылардың таңдауға құқығы бар. Мұндай тәжірибелер алдағы уақытта көп қолданылады деген үміттеміз.
Облыс көлемінде екінші рет ұйымдастырылған аукционда бас саудаға қазақтың ақ бас тұқымынан -12, Канададан әкелінген 2 герефорд, бір ангус пен бір шароле тұқымдас бұқалары қойылды. Әр етті қараны сатып алу үшін болған бәсекеде бастапқы бекітілген баға 30 мың теңгеге жоғарылап отырды. Аукцион барысында бұқалардың негізгі бөлігін «Асыл-түлік» АҚ сатып алды. Олардың иелігіне 7 етті қара өтті. Ең жоғары бағаланғаны Канададан жеткізілген герефорд тұқымды бұқа. Салмағы 559 келі болатын бұқаның бастапқы бағасы 850 мың теңге болса, аукцион барысында 1 миллион 230 мың теңгеге сатылды.
Болат Асылханов, «Асыл түлік» АҚ өндіру ісінің бастығы:
– Біз осы бұқаларды алдын-ала қарап, көріп, танысып, таңдап алуға қолымыздағы кітапшаларда бәрі көрсетілген. Олардың генеалогиясын, сырт пішінін далада көріп, өзіме алдын-ала белгілеп алдым. Аукцион жақсы болды. Шетелдің бұқалары миллионнан асқан жоқ, бір миллион 130 мыңға ғана бағаланды.
Аукцион барысында Канададан әкелінген асыл тұқымды бұқалардың төртеуі де сатылды. Оларды Қазақстанға тасымалдаушы компания президенті Род Гилфорд 2010 жылдан бері осы істі қолға алған.
Род Гилфорд, «Xports International Ink» компаниясының президенті, Канада:
– Бүгінгі сатылым маған ұнады. Бәрі жақсы өтті. Сатылым бағасы да ойдағыдай. Осындай жобалар көпшіліктің қызығушылығын оятады.
Асыл тұқымды бұқалардың 11-і иесін тапты. Олардан шаруашылыққа 7 млн теңгеден артық қаражат түсті.
Әспет Әбдірешова