Білім

Бүлдіршіндерге арналған ерекше ойын үстелі Петропавлда сынақтан өтеді

 

Бүлдіршіндер жаңа “Алладин” атты интеллектуалдық құрылғыны аз ғана уақыттың ішінде меңгеріп алды. Әзірбайжандық ғалымдар жобаны ойластырарда, әсіресе, қарапайымдылығына басымдық берген. Бар құпиясы – үстелде дейді шетелдік қонақтар. Бала ағзасына еш зияны жоқ, ал, ойлау қабілетін дамытуда пайдасы ерекше.

Алекпер Мустафаев, “Чашыоглу мультимедиа” АҚБ бас директорының орынбасары, Баку қаласы, Әзірбайжан:

-Ойлау қабілетін, логиканы, елестетуді, сенсориканы дамытады. Онымен жеке және 2-4 адамнан құралған топпен де ойнауға болады. Барлығы 600 ойын әзірленген.

Қосымшалар Қазақстан үшін арнайы 3 тілде жазылыпты: қазақ, орыс және ағылшыны да бар. Мұнымен қоса, құрылғының пилоттық нұсқасы тек Петропавлдағы “Алтын бесік” балабақшасында орнатылды.

Мәдина Дарбаева, “Алтын бесік” балабақшасының директоры:

-Бұл – әрине, біз үшін үлкен жауапкершілік. Менің ойымша, мұндай қондырғылар тәрбие берудің сапасын арттыруға септеседі. Құралдың көмегімен қорытынды сабақтарда балалардың оқуға қаншалықты дайын екенін анықтауға болады.

Бұл бастама кейін ойдағыдай нәтиже беріп жатса, облыстың өзге мекемелеріндегі тәрбие беру және оқыту жүйесіне енгізу жоспарлануда.

Шолпан Қаринова, Петропавл қаласы әкімінің орынбасары: -Бұл жерде балабақшалардың меңгерушілері жиналып отыр. Осы тақтаның, осы оқулықтың балабақшаның жұмысында пайдалануға қаншалықты қажеті бар екенін, маңыздылығын өздеріңіз қарап, кейін осы бойынша жоспар құрып, қажеттілікке байланысты ұсыныстарыңызды күтеміз.

Бұл жобаны әзірлеуге әзірбайжандық мамандар 5 жыл жұмсаған. Нәтижесі де күткендегідей көңілден шығарына сенім бар.

Данаш Хамзина