Спорт

«Қызылжардың» өз алаңындағы ойыны жанкүйерлерді қынжылтты

 

Футболдан Қазақстан біріншілігінің 4-ші кезеңіндегі алғашқы ойынында «Қызылжар СК» командасы Қызылорданың «Қайсарын» жеңген болатын. Бұл жолғы  матчты  жергілікті аяқ доп шеберлері Ақтаудың «Каспий» құрамасымен өткізді. Жарыс барысын тамашалауға облыс әкімі Самат Ескендіров те қатысты. Алғашқы таймда жергілікті футболшылар басымдық көрсетіп, қарсыластарының қақпасына бірінші голды кездесудің 35-ші минутында соқты. Көп ұзамай жергілікті команданың пайдасына тағы бір ұпайды шабуылдаушы Олександр Згура сыйлады. Ойынның алғашқы таймын осылайша жергілікті құрама жақсы серпінмен аяқтады. Спортшыларға дем беруге келген көрермендер бұл кездесуден жақсы нәтиже күтті.

– Алғашқы таймда спортшыларымыз жақсы ойын көрсетті. Қарсылас командаға мықты шабуылдап, қарсыластарынан басым болды.

Алайда ойынның екінші таймы басталысымен қарсыластар есе қайтаруға кірісті. Санаулы минуттардан кейін бірден «Қызылжар СК» құрамасының қақпасына алғашқы голды «Каспийдің» ойыншысы Ерлік Алқамбеков соқты. 13 минуттан кейін жергілікті құраманың қақпасына дарыған келесі гол таразы басын теңестірді. «Қызылжар СК»-ның футболшылары намысты қолдан бермеуге қанша тырысса да, қақпадан тағы бір допты өткізіп алды. Кездесу соңына дейін осылайша 3:2 есебімен ұтылған қызылжарлық спортшылар есепті өзгерте алмады.

Әспет Әбдірешова