Ауыл шаруашылығы

Көктемгі егіс мамырдың 10-нан басталады

Өңіріміздегі дәнді дақыл себілетін аумақ өткен жылғыдан 169 мың гектарға аз. Есесіне майлы және жем-азық  дақылдары  танаптары кеңейтіліп отыр. Оның бәрі егіс алқаптарын диверсификациялау меморандумының көрсеткіштеріне сәйкестендірілген. Белгіленген аумаққа қажетті 546 мың тонна тұқым дайын, толығымен тексерістен өткізіліпті. Техника да сақадай-сай.

Димаш Таласбаев, СҚО ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының міндетін атқарушы:

-Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге облыстың агроқұрылымдарында14,5 мың трактор, 5,5 мың себу құрылғылары мен 1022 қуаттылығы жоғары себу кешендері бар. Олардың бүгінгі күнге әзірлігі 95 пайызды құрайды. Биылғы жылы өңіріміз бойынша 1,4 миллиард теңгеге 169 бірлік жаңа техника сатылып алынды.

Облыс бойынша егіс науқанына қажетті жанар-жағар май қоры 70 мың тоннаны құрайды. Оның 65 мың тоннасы үкіметтен бөлініп отыр. Бүгінге дейін 18 мың тоннасы агроқұрылымдарға таратылған. Әр литрі 95 теңгедан аспайды. Мемлекет шаруаларға сондай-ақ гербицид және түрлі минералды тыңайтқыштар алуларына да сараңдық танытып отырған жоқ. Ол мол өнімнің кепілі.

Димаш Таласбаев, СҚО ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының міндетін атқарушы:

-Минералды тыңайтқыштар мен гербицидті субсидиялауда біздің облысымызға бөлінген қаржы 1 миллиард 518 миллион теңгені құрайды. Оған 47 мың тонна тыңайтқыш алу жоспарланып отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 10 мың тоннаға артық.

Жалпы биылғы жылы ауыл шаруашылығы өндірісін субсидиялауға қарастырылған қаржы 7,6 миллиард теңгені құраса, оның 5,1 миллиарды егіншілік саласына бағытталмақ. Бұл шаруаларға айтарлықтай қолдау.

Самат Есмағи