Қоғам

Мәжіліс депутаты Юрий Тимощенко – зейнетақы жүйесін жетілдіру туралы

 

Қазақстан ТМД елдерінің арасында алғашқылардың бірі болып зейнетақы жинақтау қорын құрды. Осыдан 15 жыл бұрын ендірілген жалпыұлттық реформаны қазір бірыңғай құрылымдық жүйеге айналдыру жобасы қарастырылып жатыр. Заңнама қабылданбас бұрын Мәжіліс депутаттары өңірлерді аралап, жаңашылдыққа тікелей қатысты салымшылардың ой-пікірін біліп, ұсыныстарын жинап қағаздарына түртіп жүр.

 

Юрий Тимощенко, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Зейнетақы жинақтау қорына мемлекет бас акционер болады. Ай сайынғы жарналар 15% дан 7% ға дейін төмендетіледі. Сондай-ақ денсаулыққа зиянды жұмыстағыларға үкімет 5 пайызын өзі қосып отырады. Барлық аударымдарды Ұлттық банк басқарады.

 

Бұл қызмет түрін сапаландырудың бірден бір жолы дейді Юрий Тимощенко. Бірегей бастаманы халық қалаулысы Қазақстан халқы Ассамблеясы СҚОФ өкілдерімен талқылады. Кездесуге негізінен әлеуметтік жәрдемақы алатын, құрмет демалысындағы аға буын өкілдері жиналды.

 

Людмила Фешина, зейнеткер:

Бірыңғай зейнетақы жүйесі құрылса, біріншіден тәртіп болады. Қазір бізде 10 қор жұмыс жасайды. Барлығы бірдей тиімді емес. Тұрақтылығы да күмән тудырады. Сондықтан зейнетақы жүйесін жетілдіру керек деп санаймын.

 

Сондай-ақ әйелдердің зейнетке шығу жасының ұлғайтылуы да әңгіме өзегіне айналды. Депутат көтерілген сұрақтардың барлығы назарсыз қалмайтынына уәде етті.

 

Жеңіс Ермұқанов