Құқық қорғау органдары

Мәжіліс депутаты Бақытжан Ертаев полицейлермен кездесті

 

Бақытжан Ертаев әскерилер мен құқық қорғау органдары қызметкерлерінің жағдайымен жіті таныс. Өйткені әскери қызметте болған адам. Сондықтан депутат бірден бұл саладағы түйіткілді мәселелерді талқылауға кірісті.

Темірғали Қаласов,  СҚО ІІД қаржымен қамтамасыз ету басқармасының бастығы:

– Погон таққан азаматтар 25 жыл қызмет етіп, құрметті еңбек демалысына шыға беретін. 98 жылдан бастап құқық қорғау органдары қызметкерлерінің зейнетке шығу мәселесі күрделенді. Бұл бізді ерекше алаңдатады. Ескі зейнетақы заңнамасы қайта енгізілсе жақсы болар еді.

Бақытжан Ертаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Бұл сауал жиі көтеріледі. Ішкі істер органдарының қызметкерлері әрдайым қоғамдық тәртіпті бақылайды. Сондықтан оларға, тиісінше, жағдай жасалуы тиіс деп ойлаймын. Аталмыш мәселе бойынша депутаттық сауал жолдаймын.

Бақытжан Ертаев құқық қорғау органдары қызметкерлерінің зейнетақы жүйесін қайта орнына келтіру туралы бұған дейін де ұсыныс жасапты. Депутат мәселенің алдағы уақытта оң шешім табатындығына сенімді. Кездесуге жиылған ардагерлердің сауалдары да аз болмады.

Борис Исаков, ішкі істер органдарының ардагері:

– Полицейлердің әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін жалақысын арттыру қажет. Сондай-ақ қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету де өзекті. Осы мәселе сіз арқылы депутаттық корпусқа жетсе дейміз.

Полицейлердің жалақысын арттырып, баспанамен қамту жұмыстарына көңіл бөлінсе, құқық қорғау органдарының мәртебесі артады, жемқорлық індеті де жойылады дейді ардагерлер. Бақытжан Ертаев бұл сауал да басты назарда екендігін жеткізді.

Инеш Шоқақова