Қоғам

Мәжіліс депутаты Талғат Ерғалиев Петропавлда азаматтарды қабылдады

 

Соңғы уақытта қаңырап бос тұрған билбордтарды жиі кездестіруге болады. Жарнамалық тақталардың  өңі 2011 жылдың күзінен кете бастапты. Бар гәп сыртқы жарнама салығының екі есеге ұлғайтылуында дейді Александр Есщанов. Ол 20 жыл бойы жарнамалық агенттікті басқарып келеді екен. Әріптестерінің өтініштерін жиып, өңірде жұмыс сапарымен жүрген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Талғат Ерғалиевтің қабылдауына келді.

 

Александр Есщанов, “Арт Сити” ЖШС директоры:

– Ұлғайтылған салық брендтік компаниялардың қалтасын қақпайды. Кіші-гірім жергілікті кәсіпкерлерге ауыр салмақ түскендей болды. Бұрынғы 50 АЕК тура екі есеге артып 100 АЕК мөлшерінде төлеуге тура келіп отыр. Оның құнын өтейміз деп пайда таппақ түгіл шығынға батып жабылғандары бар. Жұмыс орындарын қысқартуға мәжбүр болдық.

 

Көптің жүгін көтеріп әділдік іздеп келген кәсіпкер халық қалаулысынан бұрынғы салық көлемін қайтаруға сеп болуын сұрап отыр. Талғат Ерғалиев мәселенің мән-жайын ашып, шешуде қолдан келгенін жасауға уәде етті.

 

Талгат Ерғалиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Басты мақсат  – өзін жұмыспен қамтып отырғандарды қолдап, шағын кәсіпкерлікті барынша қолдау. Бұған Елбасы басымдық беріп отыр. Бизнес құрылымдары неғұрлым артса, қосымша жұмыс орындары құрылады. Бюджетке салық көлемі ұлғаяды. Бұл, біріншіден, отандастарымыздың өмір сүру деңгейін жақсартудың кепілі. Сондықтан мәселенің анық- қанығын зертеп алып, жергілікті әкімдікке хат жолдаймыз.

 

Сыртқы жарнама салығының бұндай мөлшерлемесі тек еліміздің Астана, Алматы қалалары мен Петропавлда бекітіліпті. Өзге аймақтарда біршама төмен.

 

Жеңіс Ермұқанов