Мәдениет

“Каблучок” байқауы

 

«Өнерлі өрге жүзеді», – дейді атам қазақ. Шеберліктерін шыңдауда бәсекелестік неғұрлым мықты болса, нәтиже де арта түсетіні анық. Дәстүрге айналған «Каблучок»  би байқауының қатысушылары бұны жақсы түсінеді. Ұйымдастырушылар жыл сайын сайыскерлердің санымен қатар сапасы өсіп келетінін алға тартады.

 

Ирина Колодаева, СҚО балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығы директорының орынбасары:

– Байқау балалар шығармашылығының мерекесіне айналды. Жеңімпаздар 2 аталым бойынша анықталады. Заманауи билер сынында 25 хореографиялық топ өз өнерлерін ұсынуға тілек білдірді. Халық билері легінде 33 ұжым шеберлік байқасады. Суырылып алға шыққандары өңір намысын ел және халықаралық сайыстарда қорғайды.

 

«Қызылжар» жасөспірімдер клубының хореографиялық тобы биыл осымен 7-ші рет үйреніп-түйгендерін сынауға бел буыпты. Үш мәрте өз жас аралықтарында үздік атанған. Биыл да жеңістен дәмелі.

 

– Біз байқауға “Афро-джаз” биін ұсындық. Өте көңілді композиция. Қазыларға өнеріміз ұнады деп ойлаймын.

– Мен бірінші рет қатысып отырмын. Қыздармен ұзақ дайындалдық. Бірінші орын аламыз деп ойлаймын.

Мың бұралған шығармашылық топтардың әрбірі дене қимылымен композицияның мазмұнын жеткізуге тырысып бақты.

 

– Біз испан биін билейміз. Ол оңай емес. Жақсы билеуге тырысып, бірінші орын аламыз.

– Біз қыздармен 4 жыл билеп жүрміз. Өте көңілді.

 

Үш жас аралығында әр аталымның үздік үштігі анықталып, марапатқа ие болды. Бас жүлде гран-при иесі атануға №8  мектептің “Бұлақтар” би тобы лайық деп танылды. Ең бастысы ұжымдар арасында тәжірибе алмасып, шеберлік шыңдалды.

 

Жеңіс Ермұқанов