ТЖ

Төтенше жағдайлар министрі Солтүстік Қазақстанның көктемгі су тасқынына дайындығын бағалады

 

Петропавлдық Екатерина Чалкина қыс бойы қолымнан күрек түспеді дейді. Чернышевский, 77 мекенжайының тұрғыны ауладағы қарды сыртқа шығарып тастапты. Енді орам маңындағы ақ ұлпаны жол жиегіне лақтыруға асық. Өйткені коммуналдық қызметтің арнайы техникасы көше бойын қардан аршып жүр.

Екатерина Чалкина:

-Біздің Ойқала ауданын су басу қаупі зор. Оны болдырмаудың бір амалы маңайды қардан арылту. Коммуналдық қызмет біздің көшені екінші мәрте тазалап жатыр. Ауыр техника қоршауға тым жақындай алмайды. Сондықтан көммекке шықтық. Әрине біріншіден өзімізге аса қажетті шаруа ғой.

Жұрт болып жұмылған игі іске куә болған ҚР Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко оң бағасын берді. Еліміздің бас құтқарушысы өлкеде көктемгі су тасқынының алдын алу қамында атқарылып жатқан тың шаралармен танысуға арнайы келіп отыр. Қарға сараң болмаған биылғы қыс жерлестерімізді біраз әуреге салды. Жауын-шашынның қалыпты мөлшерден үш есеге дейін артық түсуі өңірімізде соңғы 5 жыл бойы тіркелмепті. Қауырт маусым бойы тыным таппаған коммуналдық кәсіпорындар 544 мың текше метр қарды сыртқа шығарыпты. Қала бойынша 26 шақырымнан артық канализация желісі тазартылды. Төтенше жағдайлар министрлігінің басшысы еріген қарсуының  қайда ағатынын сұрады.

Владимир Балахонцев, СҚО әкімінің орынбасары:

-Негізінен Есілге ағады. Батыс бөлігінде Шағлы, Сергеев су қоймасы бар.

Владимир Божко қаланың шеткі аудандарындағы жағдайды ұдайы бақылауда ұстауды ескертті. Әсіресе  Есіл өзені бойындағы елді мекендерді тасқын басуы мүмкін. Ол үшін тәулік бойы мониторинг жүргізілуі тиіс.

Владимир Божко, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:

-Болашақта  инженерлік жүйемен қамтамасыз ету керек болатын аймақтарды анықтаңыздар.Мұны жұмыс жоспарына енгізу керек.

Министр қауырт маусымда саяжайлардың тағдырын ұмытпау керектігін тілге тиек етті. Өйткені бүгінде бау-бақшадағы үйлерді жыл бойына баспана ететіндер баршылық.

Владимир Божко, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:

-Міндетті түрде оларды тексеру қажет.Олар қайда, қалай баратындарын, өздерімен бірге не ала шығулары керектігін білуі керек.

Былғары зауыты ауданында төтенше жағдайдың алдын алу шаралары да ведомство басшысының назарынан тыс қалмады. Владимир Божко жалпы өлкеде көктемгі су тасқынына қарсы тындырылып жатқан кешенді шараларға оң бағасын берді.

Владимир Божко, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:

-Қаладағы негізгі 60-тан артық көшелер қардан тазартылыпты. Қазір шеткі аудандар қардан арылып жатыр. Бастысы азаматтардың қауіпсіздігін сақтау үшін жергілікті әкімдік қолдан келгенін жасап жатқанына көз жеткіздім. Есіл өзені аса қауіпті. Егерде Оңтүстік Қазақстаннан су келетін болса, өзен арнасынан шығады. Жүзеге асып жатқан алдын алу шаралары, инженерлік қамсыздандыру жұмысы бұған жол бермейтініне сенеміз.

Сондай-ақ Владимир Божко жергілікті төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамымен кездесті. Облыста 920 құтқарушы тіркелген. Жиында су тасқынын болдырмау жолдары қарастырылып, өңірлік ведомствоның жаңа басшысы тағайындалды. Енді облыс құтқарушыларына өрт сөндіру қызметінің полковнигі Павел Филиппов жетекшілік ететін болады. Бұған дейін ол ШҚО ТЖД қызметін атқарған. Департаментті 3 жыл басқарған Бахтияр Қадырғановтың жасы еңбек өтілі шегіне жеткендіктен қызметінен босатылды. Қазір ол Атыраудағы теңіздегі құтқару базасының жаңа жетекшілігіне үміткерлердің бірі. Владимир Божко Бахтияр Қадырхановтың кеудесіне «Мінсіз қызметі үшін» медалін тағып, атқарған жұмысына жоғары бағасын берді. Жиынды қорытқан облыс әкімінің орынбасары Владимир Балахонцев министрге тасқынының алдын алуда жерлестеріміз  аянып қалмайтынын жеткізді.

Жеңіс Ермұқанов