Билік

Мемлекеттік қызмет туралы заң күшіне енді

 

Наурыздың 26-сынан бастап мемлекеттік қызмет туралы заңнамаға өзгерістер енгізілді. Соған сай мемлекеттік қызмет саласында реформалар жасау мүмкін болып отыр.

Дулат Тайшабай, ҚР мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің СҚО бойынша басқармасының бөлім бастығы:

– Заң бойынша мемлекеттік қызмет жаңа моделінің бағыттары: кадрларды іріктеу мен жоғарылатуда меритократия қағидасын күшейту, А басқарушылық корпусын құру, кадрларды басқару тетіктерін жетілдіру және кадр қызметінің мәртебесін жетілдіру, тәртіптік және этикалық бақылауды күшейту. Жаңа заң бойынша ҚР Президентінің 7 жарлығы және мемлекеттік қызмет істері жөніндегі өкілетті органның 4 бұйрығы қабылданды.

Жаңа заңға сәйкес, алдағы алты ай көлемінде А корпусының кадр резервіне іріктеуді Ұлттық республикалық комиссия жүргізеді. Яғни жұмысын жасап жүрген мемлекеттік қызметкерлер А корпусының лауазымына үміткерлермен бірге тестілеуден және әңгімелесуден өтетін болады. Сонымен қатар, жаңа заң бойынша саяси мемлекеттік қызметшілердің саны 8 есеге қысқартылады.

Дулат Тайшабай, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің СҚО бойынша басқармасының бөлім бастығы:

– Бұрын мемлекеттік саяси қызметшілердің саны 3271 болса, қазіргі уақытта 400 лауазым болады. А корпусының саны 500 лауазымды құрады. Б корпусының саны – 90200. Біздің облыс бойынша 5 саяси мемлекеттік қызметші лауазымдары болады. Облыс әкімі,  облыс әкімінің орынбасарлары және Петропавл қаласының әкімі.

Өзгерістер сонымен қатар Б корпусын да қамтыған. Бұдан былай мемлекеттік қызметке тұрғысы келетін азаматтар кез- келген уақытта Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігі мен оның өңірлік органдарында заңнаманы білу бойынша тест тапсыра алады. Одан сәтті өткен тұлғалар бос лауазымға арналған конкурстарға қатысу құқығына ие болады.

Әспет Әбдірешова