Білім мен біліктілік таласына 60-тан аса мұғалім қатысып жатыр. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай ізденіс пен зерттеуге арналған сайыстар педагогтардың кәсібилігін шыңдайды. Сондай-ақ, оқытушының инновациялық технологияларды қолдана білуі – заман талабы.
Күлзағира Нұртаева, қалалық білім бөлімі әдістемелік кабинетінің меңгерушісі:
-Бұл тәжірибе мен білімді, тәжірибе мен ғылымды біріктіру және әрбір педагогтың өзінің шығармашылық деңгейін арттыру, компетентті ойлау және жалпы тәжірибесін нығайту мақсатында өткізіліп жатыр.
Кейін сайыскерлердің жұмысы 6 секция бойынша жалғасты. Мұнда орта мектеп мұғалімдері өздерінің педагогикалық идеяларын қорғады. Тақырып әр түрлі. Мәселен, әңгіме 12 жылдық білім жүйесінде профильді оқытуды дамыту, жаңа білім беру философиясы және ғылымдар негізінде оқытудың әдістемесі төңірегінде де өрбіді. Зоя Баймұханова тілдің ұштұғырлығы жобасын зерттеген. Оның айтуынша, қазақ, орыс және ағылшын тілдерін ең алдымен мектеп мұғалімдері білуі қажет.
Зоя Баймұханова, №4 орта мектебінің мұғалімі:
-Менің өз тақырыбым бойынша ұстаздың біліктілігін жоғарылату – бұл жаңа заманның шарты болып есептеледі. Сондықтан, қазақ тілін осы заманға сай жаңа формацияда көрсету – менің міндетім.
Үздік мұғалімдерді мектеп директорлары мен жоғары санатты педагогтардан құралған қазылар алқасы таңдайды. Жеңімпаздар сәуір айының соңында өтетін облыстық кезеңде жарысады.
Данаш Хамзина