Ауыл шаруашылығы

Мамлюттіктер көктемгі егіске дайындалып жатыр

 

Мамлют ауданына қарасты “Стан” серіктестігі көктемгі егіс науқанына ерте бастан қамданып қойыпты. Топырақтағы ылғалды жауып, бораналайтын және дән сепкіш техника қауырт маусымға сақадай сай. Жер кебісімен танап басына шығуға 100 пайыз дайын. Қазір шаруашылықтың машина- трактор шеберханасында қосалқы бөлшектер жиналып, қосымша көліктер жөнделіп жатыр. Маңызды шаруаға 14 адам тартылған.

 

Василий Понамарев, “Стан” ЖШС машинатрактор шеберханасының меңгерушісі:

-Күзгі орақ науқаны аяқталысымен ауыр техниканы сайлап қойдық. Біздегі 18 трактордың үшеуін былтыр жаңадан алдық. 10 бірлік “Енисей” маркілі комбайнымыз бар. Бұл негізгі техника қажет болса, бүгін жұмысқа кірісуге әзір. Көліктің аты көлік. Уақыт күттірмейтін үрдісте істен шығуы мүмкін. Сондықтан қосымша тағы бірқатар агрегатты жөндеп жатырмыз.

Биыл серіктестіктің 3,7 мың га егінжайға дәнді дақылдар себілмекші. Оның 3,1 мыңы –  бидай.

 

Қанат Бекенов, “Стан” ЖШС директоры:

– Бұл жерде істеп жатқанымызға 3 жыл болды. Өткен жылы үкімет тарапынан қолдаулар көрдік субсидия ретінде. Биыл да көмек көрсетіп жанар-жағармайды арзандатылған бағамен алып жатырмын. Механикалық тоқта астық тазалайтын машинаны жаңартамыз. Сондай-ақ үкіметтің қолдауымен «КазАгроФинанс» арқылы екі комбайн алмақшымыз.

Маңызды науқан қарбаласы жеңілдеген соң серіктестік басшысы мал шаруашылығын дамытпақшы. Жер өңдеумен қатар жергілікті ірі қараны асылдандыруды көздейді.

 

Қанат Бекенов, “Стан” ЖШС директоры:

– Бүгінде бізде 30 бас құнажын бар. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша тағы 90 бас тайынша аламыз. Оларға 4 бас асыл тұқымды бұқа алдық.

 

Мал шаруашылығы әлеуетін арттыру мақсатында аудан бойынша майлы дақылдар алқабы 11 мың, мал азығын егетін жер 6 мың гектарға ұлғайтылмақ. Жалпы мамлюттік диқандар 136 мың гектар егістік аумағына дән сіңіруді жоспарлап отыр. Тұқым қоры толық. Қажетті дизель отынының 39 пайызы ауыл еңбеккерлерінің қолында.

 

Василий Лисичкин, Мамлют аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі бастығының орынбасары:

– Гербициттерді алуға 13,5 млн, минералды тыңайтқыштарды субсидиялауға 15 млн теңге бөлінді. Жанармай құнын арзандатуға 100 млн теңге қарастырылып отыр. 22 мың тонна тұқым сараптамадан өтті. шығымдылық сапасын арттыру үшін 191 тонна элиталық бидай алынды.

 

Танап басына шығатын бар техниканың 80 пайызы әзір. Оның 34-ін агроқұрылымдар биыл 226 млн теңгеге алыпты.

 

Жеңіс Ермұқанов