Жамбыл, Горький, Парк және Петров көшелері шеңберіндегі аумақ жуық арада жаңа кейіпке енетін болады. Облыс орталығының оңтүстік қақпасы саналатын аталмыш ДСР ауданында қаланың сиқын алып тұрған ескі ғимараттар көп. Әбден тозған үйлер мен нысандар жермен жексен етіледі. Есесіне бұзылған ғимараттардың орнына зәулім баспаналар мен заманауи әлеуметтік нысандар бой көтермек. Бас-аяғы босайтын 227 жер теліміндегі кешенді құрылыс биылдан басталады. Сондай-ақ жыл соңына дейін облыс әкімі Самат Ескендіровтің тапсырысымен Жұмабаев көшесінде де тың өзгеріс қолға алынбақ.
Валерий Затай, СҚО сәулет және қала құрылысы басқармасының бастығы:
– Негізгі қалаішілік көліктер көп қатынайтын магистральдарды босату керек. Ол үшінМ. Жұмабаев көшесін Ғ Мүсірепов көшесіне дейін созуды жөн санадық. Қалалық әкімдіктің өкімі шықты. Бұған кедергі болып тұрған 22 жер теліміндегі құрылыс нысаны бұзылады. Біріншіден олар тым ескі. Құлап кету қаупі зор. 20 млн теңгенің сметалық жобасы әзірленуде. Бұл жұмысты 2013 жылдың 3 маусымында бастап кетеміз.
Сәулет және қала құрылысы басқармасындағылар бұл шаралардың қала ажарын аша түсетінін алға тартып отыр. Ауқымды жоба аясында қиратылған нысан иелеріне шығын заңға сәйкес толық өтелетін болады. Сондай-ақ биыл жаңадан 4 саябақты қолданысқа беру жоспарлануда. Қазақстан Конституциясы көшесіндегі субұрқақ қалпына келтіріледі.
Валерий Затай, СҚО сәулет және қала құрылысы басқармасының бастығы:
– Орталық көшелердің сәнін келтіретін гүлзарлар мен субұрқақ биыл қолданысқа беріледі. Онда түрлі скульптуралық композициялар мен жарық бағаналары, орындықтар қойылады. Жасыл желек отырғызылады. Бірқатар үйлер мен әлеуметтік нысандардың қас бетін жарықтандыруды жоспарлап отырмыз.
Бастысы өңір жетекшісі ұсынған кешенді жаңашылдықтар жетіспейтін балабақшалар мен халыққа қызмет көрсету орталықтарын қалауға мүмкіндік ашады.
Жеңіс Ермұқанов