Құқық қорғау органдары

Аса ірі мөлшердегі есірткімен ұсталды

 

Жұмысшы кентінің 27 жастағы тұрғыны облыстық ІІД есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасы қызметкерлерінің назарына қаңтар айының соңында ілігіпті. Азаматша есірткі затын сақтап, сатты деген күдік туғызған. Ақыры сезікті қолға түсті.

 

Қабира Мұхамбетова, СҚО ІІД есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының инспекторы:

-Наурыздың 23-де  қолға түскен әйелдің 2 баласы бар, бұрын сотталмаған, еш жерде жұмыс істемейді, заңсыз есірткі сатумен айналысқан.

 

Сезіктіні ұстаған сәтте қапшықтарға салынған 2,5 граммнан астам ақ ұнтақ табылды. Онымен қоса  өткізгелі тұрған 5 граммға жуық героин тәркіленді. Есірткінің жалпы көлемі 7,5 граммды құраған. Бұл аса ірі көлем болып есептеледі. “Не ексең, соны орасың” демекші, оңай жолмен ақша таппақ болған азаматшаға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Енді ол 10-15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.

 

Айдана Демесінова