Спорт

“Нептунда” салауатты өмір салтын ұстану үшін барлық жағдай бар

«Нептун» ойын-сауық кешені өткен жылдың қыркүйек айында ашылыпты. Аквапарк мың адамға шақталған. Наурыздың бірінен мұнда спортпен айналысамын деген азамттарға арналып зал ашылды. Онда 70 тренажер бар екен. Келушілердің қауіпсіздігі де басты назарда. Бұл үшін жауап беретін 12 адам қызметке алынды. Жалпы, кешенде адамдардың жақсы демалуына барлық жағдайлар жасалған.

 

-Мұнда алғаш рет келіп тұрмын. Барлығы ұнады. Алдағы уақытта да міндетті түрде осында келемін.

-Бірінші рет келдік. Горкалар, монша мен сауна көңілімізден шықты.

-Үшінші рет келдім. Су жылы. Қыс мезгілінде де суға шомылу мүмкіндігі болғаны қуантады.

 

Суды тазарту үрдісі аквапаркте үздіксіз жүріп тұрады. Оның барлығы автоматтандырылған. Судың барлық талапқа сай болуын қамтамасыз ету үшін арнайы қондырғы сатып алынды. «Аквабиокс – 2500» деп аталатын бұл құрылғыны академик Георгий Билетков ойлап тауыпты. Жабдық суды тазартуға арналған. Аппарат арқылы «Аналит» ерітіндісін алуға болады. Бұл зат судағы микробтардың барлығын өлтіреді. Оны кәдімгі тұздан өндіреді екен.

 

Александр Гусаков, “Нептун” ойын-сауық кешенінің директоры:

-Тұздан «Аналит» затын аламыз. Ол адамға ешқандай қауіп төндірмейді. Балалар байқамай «Аналит» қосылған суды ішіп қойса да зияны жоқ. Жалпы, бізде гигиенаға көп мән беріледі. Келушілер міндетті түрде аяқ киімдерін ауыстырып кіреді. Бассейнге бармас бұрын, душқа түсулері керек. Мұның барлығын қадағалаймыз.

 

«Аналит» ерітіндісін өндіру үшін айына шамамен 1 тонна тұз жұмсалады екен. Кейін су сүзбелерден өтеді. Бұл жерде 16 құм фильтр орнатылыпты. Бассейндердің санитарлық талапқа сай таза болуы да жіті қадағаланып отырады. Әр сағат сайын су  құрамына сараптама жасалады.

 

Богдан Рощук, “Нептун” ойын-сауық кешенінің лаборанты:

-Судың құрамын үздіксіз зерттеп отырамыз. Су мен ауаның температурасын да қадағалаймыз. Кешеннің санитарлық жағдайын да қатаң бақылауда ұстаймыз.

 

Санитар мамандар да мұндағы жағдайды бақылап тұратын көрінеді. Әзірге олардың тарапынан еш ескерту жасалған емес.

 

Айдана Демесінова