Қоғам

Көктемгі әскерге шақыру науқанына әзірлік

Санаулы күндерден кейін көктемгі әскерге шақыру маусымы басталады. Осы орайда облыс әкімінің орынбасары Владимир Балахонцевтың төрағалығымен арнайы комиссияның алдағы атқарар жұмысы жайлы сөз болды. Жиынға аудан әкімдерінің орынбасарлары, дәрігерлер және қорғаныс істері жөніндегі басқарма бөлімдерінің бастықтары қатысты.

 

Амангелді Дүйсекин, СҚО қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының тәрбие және әлеуметтік- құқықтық жұмыстар бойынша орынбасары:

– 1 сәуірден бастап 30 маусымға дейін ер азаматар Қазақстан қарулы күштеріне, басқа да әскер мен әскери құрылымдарына, соның ішінде, Қарулы күштерге – 300 адамдай, республикалық Ұланға – 20, шекара қызметіне – 100, ІІД ішкі әскеріне 200-ден аса адам, СҚО-нан 700-дей адам шақырылады.

 

Жиынға қатысқандар облыс аумағындағы әскерге шақыру пункттерінің көбінің талапқа сай еместігін алға тартты. Яғни олардың көпшілігі ескі, жөндеу көрмеген. Ғ.Мүсірепов, Ш.Уәлиханов аудандарында қорғаныс істері бөлімдері ғимараттарының шатыры жаңартуды қажет етсе, Аққайың және Тимирязев аудандарында да осындай жағдай. Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығы Еркінбек Байболов жергілікті атқарушы билік органдарын осы мәселеге назар аударуға шақырды.

 

Еркінбек Байболов, СҚО қорғаныс істері жөніндегі департаменттің бастығы:

– ҚР «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі» Заңының 27 бабына сай, 2012 жылдың 16 ақпанынан бастап, жергілікті атқарушы органдар әскери басқару органдарын, военкоматтарды, әскерге шақыруға арналған пункттер, олардың құрылымдарын қажетті дәрі-дәрімекпен, өртке қарсы, медициналық құрал-жабдықтармен және техникамен қамтамасыз етуге міндетті.

 

Тағы бір қордаланып қалған мәселе – шақыру маусымы кезінде дәрігер мамандардың тапшылығы да комиссия жұмысына қолбайлау болып келеді.

 

Мәриям Бапанова, СҚО денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары:

– Өкінішке қарай, кадр тапшылығына байланысты біз әскерге шақыру кезінде облыстық денсаулық сақтау мекемелерінің мамандарын шақырамыз. Сондықтан комиссияға айтарымыз, барлық жұмысты дер кезінде әрі барынша тез жасау керек. Осы күні әр ауданда диспансерлік есепте тұрғандардың арнайы базасы бар. Диспансерлік қадағалауға байланысты сұрақтар болса, сол базалардан керекті мәліметті алуға болады.

 

Комиссия мүшелері әскерге шақырылғандардың денсаулық жағдайы, білім деңгейі мен олардың бұрын заң бойынша істі болған-болмағанын анықтау керек. 2012 жылы облысымыздан барлығы 1431 адам әскер қатарына алынған.

 

Әспет Әбдірешова