Қоғам

Наурыз мерекесінде киіз үйлер байқауы өтті

 

Алаңда ең алдымен көзге түсетіні – қаз-қатар қойылған ақ шаңқан киіз үйлер. Олар әрбір аудан атынан тігіліпті. “Наурыз” қалашығына айналған көшені аралауды бір шетінен бастап едік, Аққайың ауданының ақсақалдары өздерінің 10 қанатты қонақжай киіз үйінде жайылған мерекелік шай дастарханнан дәм татуға шақырды.

Шаңырақ іші қазақ халқының салт-дәстүріне сай безендірілсе, керегеде ілулі тұрған көне бұйымдар ерекше көрік береді.

Сейітжан Тастеміров,  қазақ ұлттық-мәдени орталығының мүшесі, Аққайың ауданы:

Мынау – торсық. Бұған ғасырдан астам уақыт болып қалған шығар. Қазақтың көне ыдысы. Малдың терісінен сусын сақтау үшін жасалған. Бұған құйылған шұбат бен қымыз еш бүлінбей, бір қалыпта болады.

Мұнда сондай-ақ, арлан қасқырлардың терілері, көне домбыра, саптама етіктер мен ертеректе қолданылған өзге де ыдыс-аяқ жайғастырылыпты. Айта кету керек, мерекелік шара барысында “Қазағымның киіз үйі” атты байқау ұйымдастырылды. Үздігіне сыйлық бар. Бірақ бұның барлығы тек комиссия мүшелеріне ғана арналып жасалған жоқ. Негізгі мақсат – салт-дәстүрді дәріптеп, тұрғындарға қазақ халқының қонақжайлығын таныту. Келіп көремін деген адам дастарханнан дәмауыз тиіп жатты. Түрік ағайындарымызды Қызылжар ауданының киіз үйінің ішінде жолықтырдық. Олар қазақстандықтарды мерекемен құттықтады. Ұлыстың ұлы күні түрікше “Навруз”, қазақта “Наурыз” деп аталады. Бір-екі әрпінің ауысқаны болмаса, бұл мейрам – барша түркі тілдес халықтар үшін ортақ, түбі бір. Тарихы тереңінен бастау алатын мерекенің қашаннан бері тойланып келе жатқанын дөп басып айту қиын. Дегенмен, ЮНЕСКО  2009 жылдың 30-қыркүйегінде Наурыз мейрамы адамзаттың материалдық емес мәдени мұралары тізіміне енгізілсе, 2010 жылдың 10-мамырынан Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас ассамблеясының шешіміне сәйкес 21 наурыз – “Халықаралық Наурыз күні” болып аталуда.

Негізі Наурыз – қайта жаңғырған мейрам. Өйткені, 1926 жылы кеңес өкіметі кезінде “діни мейрам”, “ескіліктің сарқыншағы” деп тыйым салынған екен. Дегенмен, еліміздің кейбір аумақтарында жасырын түрде аталса керек. Сөйтіп, 1988 жылдан Ұлыстың ұлы күнін атап өту дәстүрі қайта оралған. Салт-дәстүрді ұстануда кедергілер туындаған осы бір қиын кезді ұмытпаған солтүстікқазақстандықтар қайта оралған Наурыз мейрамының  бұл ретте маңызы зор дейді.  Мерекеде бауырсақтың түрі-түрі ұсынылды. Ет желініп, Наурыз көже ішілді. Есілдіктер де ерекше көже қайнаттық дейді. Мұнда, сондай-ақ, қазақтың “Алабай” тұқымдас дәу иттерін кезіктірдік. Алып денелері үрейлі боп көрінгенімен, екі төбет те жуас. Тұрғындар бөрібасарлармен суретке түсіп жатса да, бүлк еткен жоқ. Қожайыны Назымбек Омаров иттерін бір мақтан тұтып қалды.  Алаңда ұлттық спорттық ойындарға да орын берілген. Адамдар мұнда да ығы-жығы. Ер азаматтар тоғызқұмалақ, гір көтеру, қол күрестіруде өз бақтарын сынап жатыр. Мәселен, Сергей Басов 10 келіден кем түспейтін ауыр темірді 3 минутта 66 рет көтеріп қарсыласынан басым түсті.

Сергей Басов:

Осындай сайыс түрі ұйымдастырылғаны тамаша болды. Күшімізді бір байқап қалдық. Өзім гір көтергенді жаным жақсы көреді. 5 жыл бойы айналысамын.

Орталық алаңдағы сахнадан  жергілікті өнер ұжымдары жұртшылыққа  мерекелік бағдарлама көрсетті. Кейін “Қазағымның киіз үйі” байқауының нәтижесі жарияланды. Сөйтіп, “Үздік бауырсақтар” аталымы бойынша Қызылжар ауданы жеңді. Олар бауырсақтың, тіпті, 16 түрін әзірлеген. “Үздік құймақтар” аталымы есілдіктерге бірілді. Ал, 3-ші орын “Жас киіз үй” номинациясы бойынша тайыншалықтар ерекшеленсе, екінші орынды Айыртау ауданы еншіледі. Бірінші орынға Жамбыл ауданы лайық болса, бас жүлдені ақжарлықтар қанжығасына басты. Жүлдегерлерге дипломдар мен бағалы сыйлықтар берілді. Өстіп, той-думанды тамашалап, қызыққа қарық болған қалалықтар мен қала қонақтары бар жұртқа ашық аспан, татулық пен молшылық тіледі.

Данаш Хамзина