Білім

“Әл-Фараби” мектеп-лицейі Наурыз мейрамын тойлады

 

Ұлыс күні құтты болсын, Ел іргесі мықты болсын. Бақыт әкеп Ұлыс күні, Баянды боп тыныштығы.

Әр адам жыл басы Наурыз құт-берекесін ала келеді деп сенеді. Жаңа жылдан тек жақсылық күткен «Әл-Фараби» мектеп-лицейінің Наурыз думанына жиылғандар да осындай игі тілекпен келіпті. Халқымыздың әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін дәріптеп келе жатқан мектеп ұжымы жыл сайын осындай шараларды өткізіп тұрады.

 

Зәуреш Жиентаева, «Әл-Фараби» мектеп-лицейі директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:

– Наурыз тойын үшжақты: ата-ана, оқушы, мұғалім болып өткізудегі мақсат – бұл біздің ұлттық мерекеміз. Әлі өз деңгейінде өтіп жүрген жоқ. Сондықтан да оқушыларымызға, ата-аналарға түсіндіріп, Наурыз мейрамының маңызын, мақсатын, тәрбиелік мәнін әр түрлі іс-шаралар арқылы өткізіп жатырмыз.

 

Дастарқанға жайылған бауырсақ пен Наурыз көже мерекенің басты тағамы. Оны ата-аналар ұжымы өздері әзірлеп әкелген. Мектепте ұйымдастырылған шараға қариялар да қатысты.

 

Сәбит Ахметов:

– Балаларға тәлім-тәрбие беріп, үгіт-насихат жүргізіп жатқан, әсіресе ұлттық салтымызды, дәстүрімізді, ғұрпымызды дамытып жатқан осы мектеп үшін біз өте қуаныштымыз. Ақ мол болсын, әлеуметтік-экономикалық жағдайымыз дұрыстала берсін.

 

Сонымен қатар мектеп ішінде қазақтың қолөнерінен сырт шертетін көрме жайылды. Оны ұйымдастыруға ата-аналар қолғабыс жасапты. Наурыз думанының ажарын қазақтың «Қаражорға», «Қамажай» сынды ұлттық билері аша түсті.

 

Әспет Әбдірешова