Билік

Үкімет отырысында әуежайларды дамыту мәселесі қаралды

Еліміздегі әуежайларды дамытудың 2013-2015 жылдарға арналған бағдарламасының көздегені оларды халықаралық стандарттарға жеткізу. Ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету, апаттардың алдын алу тек жаңа ұшақтармен бітпейді, ол үшін азаматтық авиация саласы қызметкерлері қайта даярлық курстарынан өтулері тиіс.

 

Авиациялық жанармай нарығы да бірізділікті талап етеді. Себебі сұйық отын бағасында ауытқушылықтар бар. Бұл мәселелер Премьер-Министр Серік Ахметовтың төрағалығымен өткен селекторлық жиынға арқау болды.

Еліміздегі 18 әуежайдың 14-і мемлекет иелігінде болса, қалған төртеуі жекеменшік. Өткен жылы 11 әуежайға жөндеу жүргізілген. Биыл бұл жұмыстарды жалғастыру басты назарда. Олардың қатарында Петропавл халықаралық әуежайы да бар. Жоба- сметалық құжат әзір, тек қаржы бөлу қажет.

Күн тәртібінде қаралған екінші мәселе – ұшу қауіпсіздігіне байланысты болды. Жанар-жағармай нарығын реттеу мәселелері де қаралды.

Жиынды қорытындылаған Үкімет басшысы облыс әкімдеріне су тасқынының алдын алуды баста назарда ұстаңыздар деп тапсырма берді. Бұл ретте жағдайды тәулік бойы бақылап отыратын мониторинг тобы құрылуы тиіс барлық жерде.

Астанамен болған байланыс аяқталысымен, күн тәртібінде қаралған мәселелер жергілікті жерде жалғасын тапты.

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

Петропавл әуежайы 9 жыл бойы қаржылық қиындық көріп келген болатын. Оны наурыздың 5нен бастап коммуналдық меншікке өткіздік. Қазіргі күні «Скат» компаниясымен келісім жүргізіліп жатыр. Тасымалмен солар айналысатын болады.

Самат Есмағи