Денсаулық сақтау

Туберкулезге қарсы күрес

Облыста эпидемиологиялық жағдай соңғы 4 жылда 3 есеге жақсарған. Қауіпті дертті жұқтыру мен өлім-жітім саны азайды. Десек те бұл проблема әлем бойынша өзекті болып отыр. Дәрігерлер туберкулезді асқынбай тұрғанда емдеу әлдеқайда нәтижелі болады дейді. Жалпы, туберкулез әлеуметтік ауру деген ұғым қалыптасқан. Бірақ, мамандар науқасқа кез-келген адам шалдығуы әбден мүмкін екенін жоққа шығармайды. Сондықтан да әрдайым тексеруден өтіп тұру қажеттігін айтуда.

Кенжегүл Әріпова, облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансерінің бөлім меңгерушісі:

– Бүгінгі бас қосуда біз өткен жылды қорытындылап отырмыз. Облысымызда туберкулез ауруына шалдыққандар саны 5,7 пайызға төмендеді. Яғни, 86,6 пайызды құрады. Өңірде әлі эпидемиологиялық жағдай қиын деп есептеуге болады. Өйткені біз республикалық мәліметтерге қарағанда туберкулезбен ауырушылық жоғары болып отыр.

Темір тордың ар жағында жазасын өтеп жүргендер де өкпе ауыруына жиі шалдығады дейді дәрігерлер. Осы себепті олар ұдайы бақылауда болуы тиіс. Жалпы 2012 жылы қауіпті дертке шалдыққан 1305 адамға жергілікті қазынадан 7 миллион теңгенің әлеуметтік көмегі көрсетілген.

Евгений Голендухин, “Жаңа ақпараттық технологиялар” ҚБ жетекшісі:

– Туберкулездің алдын алу үшін көптеген шараларды жүргіздік. Былтыр бұл дертпен күресуге бағытталған 2-нші жоба қолға алынды. Оның аясында мемлекеттік қызметкерлермен әріптестік қарым-қатынас орнаттық.

Бүкіләлемдік туберкулезге қарсы күрес күніне арналған «Мен тірі кезімде -туберкулезді тоқтатыңыздар!» атты айлық 23 наурызға дейін жалғаспақ.

Гүлбану Ахметов