Қоғам

Православ сеніміндегі христиандардың Ұлы пост деп аталатын дәстүрі басталды

Православ сеніміндегі христиандар үшін бүгін ерекше мерекелердің бірі. Бүгіннен басталған ауыз бекітуде олар ет, сүт, балық сынды майлы тағамдардан бас тартып, тек жеңіл азықпен тамақтанады. Бұл күндері дінге сенушілер Құдайға сыйынып, шіркеуде мінәжәт ету рәсіміне қатысады.

Протоиерей Сергий:

Посттың басты көздегені – адамдардың жанын тазарту жолында жұмыс жасау. Ауыз бекіту арқылы адам жасаған зұлымдықтары үшін құдайдан кешірім сұрап, жандарын тазартады. Сондықтан да барлық христиандарды осы күндерді жақсы сеніммен өткізуге шақырамын.

Православтарға 40 күн бойы асқа ғана шектеу қойылмайды, сонымен қатар, шектен тыс көңіл көтеріп, қандай да бір мейрамдарды тойлау күнә болып табылады. Қайырымдылық іс жасап, көмекке мұқтаж жандарға жәрдемдесу де парыз саналады дейді дінге сенушілер

Зоя Добродомова:

Бүгін посттың бірінші күні. Шіркеуге міндетті түрде келу керек. Бұл күндері тек қана тамақтан тыйылмай, рухани тұрғыда Құдайға сыйынып, күнәдән арылу қажет.

Бүгін Құдайға сыйыну үшін келгендердің арасында Анастасия Козлова да бар. 18 жасар бойжеткен осымен үшінші жыл ауыз бекіткен екен.

Анастасия Козлова:

– Шіркеуге келмей ауыз бекіту постқа саналмайды. Онда ол кәдімгі диета ұстағанмен бірдей болады. Сондықтан осында келіп, құдайға құлшылық жасау керек. Рухани жан дүниеңді тазартып, жақсы істер жасауға ұмтылған жөн.

Христиандардың Ұлы пост деп аталатын ауыз бекіту дәстүрі мамырдың бесіне дейін жалғасады.

Әспет Әбдірешова