Балалар

Жастардың діни сауаттылығын арттыру

Өңірдегі діни ахуал тұрақты. Радикалдық ағымдарға қатысты жыл басынан бері ешбір факті тіркелмепті. Теріс пиғылдағы ұйымдардың ықпалына азаматтар еліміздің оңтүстігінде жиі ұшырасып жатады дейді облыстық дін істері департаменті бастығының міндетін атқарушы Әбу-Бәкір Қарменов. Өйткені, түстік жақ экстремизм мен терроризм мәселелері өзекті болып саналатын Орта Азия елдерімен шекаралас жатыр. Десе де, пәленің мекені алшақ жатыр деп, жағаны жайлауға жіберуге болмайды. Абай жүру қажет, әсіресе, алдау мен арбауға жастар көп ұшырайды. Ол үшін діни сауаттылықты арттыруға баса көңіл бөлу қажет дейді дін өкілдері.

Руслан Қайыргелді, “Қызылжар” орталық мешітінің наиб имамы:

-Олардың соңдарынан, әсіресе, жастар ереді. Жастар ергенде де діни сауатсыздықтан, діни білімі жоқ болғандықтан. Одан кейін қаншама бейхабар, тіркелмеген сайттар бар. Сондықтан сондайлардың алдын алу үшін олардың қитұрқы амалдары асыл дінімізге қатысы жоқ екендігін кеңінен насихаттауымыз керек.

Қазақстан жастарының біразы алыс шетелде діни білім алады екен. Олардың ол жақта теріс ағымның ықпалына ұшырамайтынына кім кепіл? Сол себепті, студент азаматтардың өз атамекенінде оқу қуғаны жөн делінді. Бас қосуға психологтар мен теологтар да қатысты. Мамандар өз кезегінде бұрыс жолға түсудің себебін түсіндірді.

Людмила Филипова, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ психология кафедрасының аға оқытушысы:

-Қоғам тарапынан түсінбеушілікке ұшыраған адам түрлі теріс ағымдардың ықпалына оңай ұшырайды. Экстремистік ұйым жетекшілері адамның психологиялық жағдайын ұтымды пайдалана біледі. Сол себепті, баланың тәрбиесіне баса мән беру қажет.

Дөңгелек үстел соңында зал толы жастарға “Зұлымдықтың жасырынуы” атты 25-минуттық фильм көрсетілді.

Данаш Хамзина