ТЖ

“Көктем -2013”

Облыста қауырт маусымда төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған дайындық жұмыстары қыза түсті. Әсіресе есік қақпай келетін табиғи және техногендік апат орнына дереу жету жақсылап сайлануды қажет етеді. Сап түзеген өрт сақшылары, суда құтқару қызметі, полицейлер, жедел жәрдем мен коммуналдық кәсіпорындардың өкілдері дайындықтарын тағы бір пысықтады.

Евгений Обухов, СҚО ТЖД апаттық-құтқару қызметі бөлімінің бастығы:
-Кез келген төтенше жағдай орын ала қалса 152 құтқарушы мен 60 бірлік арнайы техникадан тұратын топ толық құраммен 2 сағаттың ішінде апат орнына жетуге сақадай сай әзір. Барлығы қауырт жұмысқа 14 қызмет тартылды. Олардан бөлінген арнайы техниканың жағдайы, қажетті құтқару жабдықтары тексерілді. Инерттік материалдармен толықтай қамтылдық.

Былтыр, абырой болғанда, шұғыл әрекет жасағының жұмылуы қажет етілмеген. Ірі төтенше жағдай тіркелмепті. Алайда биылғы қыс жауын-шашынға сараң болған жоқ. Ызғарлы күндер қаһарынан қайтысымен күрт еріген қар су тасқынына әкеп соғуы мүмкін. Сондықтан құтқарушыларға оқыс оқиғаларға қарсы жақсылап қаруланған жөн. Тілсіз жау күрескерлері ғана штабтық оқу-жаттығу жиынына арнайы жабдықталған 6 өрт сөндіру көлігі мен 21 құтқарушыны сайлап әкеліпті.

Ерік Мәжитов, өрт сөндіру басқармасының бастығы:
– Үлкен облыстық деңгейдегі төтенше жағдай болған кезде түгел отряд қатысады. Соның ішінде біз де бармыз. Жаңа техникалар келуде, авто сатылар, күрделі насостар. Біз күрделі жұмыстарды атқаруға қашанда дайынбыз.

Маңызды шаруадан шет қалмаған “Қызылжар су” серіктестігінің апаттық бригадасы мен тасқын суды ауыздықтай алатын техникасы да осы жерде.

Қабжан Елемесов, “Қызылжар су” ЖШС техникалық қауіпсіздік жөніндегі бас жетекшісі:
– 6 техника су сорғыш, жер қазатын және 11 адам көктемнің жағдайына байланысты апат орнына уақытында жете алады. Техника дайын, жанармаймен қамтылған.

Оқу-жаттығу жиынының екінші күнінде топ мүшелерінің кәсіби дайындықтары тәжірибелік тапсырмаларда іс жүзінде тексерілетін болады.

Жеңіс Ермұқанов